Президент Қ.К. Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай Шымкент қаласының полиция Департаментінің қызметкерлері халықтың тілек-арызына жіті мән беріп, жылдам орындауға сөйтіп азаматтарды заңсыздық пен құқық бұзушылықтан қорғауға ерекше мән беруде.
Мегаполистің Қаратау ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында, жер телімінде тұрған әрқайсысының ұзындығы 12 метрді құрайтын 9 дана темір құрылыс материалын (швейлер) белгісіз тұлға ұрлап кеткенін көрсеткен. Келтірілген шығын құны-700.000 теңге.
Азаматтың арызы бойынша Қаратау АПБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында ұрлыққа күдікті ретінде жергілікті азамат анықталып, тиісті басқармаға жеткізілді.
Осы ауданның Полиция басқармасына арызданған тағы бір тұрғын өз арызында, белгісіз азамат үйінің аумағына заңсыз кіріп, құны 80.000 теңге тұратын компрессор, құны 100.000 теңге тұратын кемпиін ұрлап кеткенін көрсеткен. Бұл арыз бойынша да Қаратау АПБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Жылдам да белсенді жүргізілген жұмыстардың барысында ұрлыққа күдіктіні тауып, ол тиісті басқармаға жеткізілді.
Қаратау ауданының Полиция басқармасына түскен үшінші бір арызда көше бойында тұрған «Hexia» маркалы автокөлігінің ішінде тұрған жүргізуші куәлігін, автокөлікті тіркеу құжаттарын белгісіз тұлға ұрлап кеткені көрсетілген. Аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу нәтижесінде ұрлық жасаған азамат ұсталып, тиісті басқармаға жеткізілді. Осылайша аудан полицейлері аз уақытта үш бірдей құқық бұзушылықты құрықтады.