Шымкент қаласының әкімі мегаполистің бас полицейін қабылдап, алты айда атқарылған жұмыстарымен танысты. Мұрат Әйтенов қалалық департамент басшысының атқарған жұмыстарын тыңдаған соң жұмысты әлі де ширату, жаңа әдістер мен цифрландыру жетістігін толығырақ пайдалану керектігін айтты.
Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін негізгі индикаторлар белгіленіп, ай сайын соның нәтижесін зерделеп отырудың маңыздылығын, «Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша учаскелік полицейлердің жұмысын жандандыруды, көшедегі қайыршыларға назар аудару қажеттігін айтты.
Сонымен бірге, шаһар басшысы тәртіптің тұрақты болуына аса мән беру керектігін қадап айтты. Бір апта рейд болып, келесі аптада қайта тәртіпсіздік орнауы, камераның кейбір жерде істен шығып тұруы, ретсіз сауда орындары мен заңсыз сауда нүктелерінің болуы, ондағы санитарлық талаптардың сақталмауы – қаланың имиждін бұзатын дүниелер екенін айтты.
Жаңа оқу жылының басталуына орай оқушылардың жолдан өту, мектеп ішіндегі қауіпсіздігін назарға алуды тапсырды. Одан бөлек, экополицейлердің жұмысын күшейту керек деді. Біздің мақсат – тұрғындарды жазалау емес, оларға тазалық мәдениетін түсіндіру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қалыптастыру екенін жеткізді.
Халық арасында наразылық тудырмау үшін жаңадан қойылатын камералар туралы халыққа барынша ақпараттық насихат жүргізуді, Ынтымақ-2 шағынауданында криминогендік ахуалды реттеуді, ақылды бағдаршамдар санын көбейтуді, халық тығыз орналасқан елдімекендерге 100 мобильдік полиция пунктін қою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.