Қоғамда тәртіп пен заңдылық үстемдік құрып, құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін құқық қорғау органдары тарапынан нақты да нәтижелі жұмыстар жасалуы қажет. Бұл туралы өз Жолдауында айтқан Президент Қ.К.Тоқаев біртіндеп құқық қорғау органдарына реформа жүргізу керектігін де ескерткен.
Шымкент қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жарты айдан астам уақыттан бері “Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр.
Ағымдағы жылдың 21-шілде мен 20-тамыз аралығында Шымкент қаласында өткізіліп жатқан «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы құқық бұзушылыққа жол бермеудің жолдары ретінде заңды тіркелген қаруларды тексеріп, тіркелмегендерін тәркілеуде.
Іс-шараның басты мақсаты – азаматтық қару айналымы саласына тиімді мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру. Бұл бойынша қару иелері, сондай-ақ аңшы дүкендері, күзет агенттіктеріне тексеру жүргізіліп жатыр.
Нәтижесінде, бүгінгі күнге дейін 1903 қару иелерін тексерді. 28 құқықбұзушылық анықталды. 5 қару және 2 оқ дәрі тәркіленіп алынды. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Іс-шара барысында отты атыс қаруын, оқ-дәрі және суық қаруды заңсыз алып жүрудің 11 жайты анықталды.
Қазірге дейін ондаған құқық бұзушылықтың болу мүмкіндігінің алдын алған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы 2021 жылдың 20-тамызына дейін жалғасатын болады.