Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылға арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын қазақстандықтарға Жолдауында мемлекет халықтың үнін естіп қана қоймай сол бойынша әділ шешімдер қабылдауы керектігін де айтты.
Сондықтан да жергілікті әкімдіктер бүгінде халыққа жақындай түсуде. Қала әкімінен бастап қалалық аудандар әкімдері, басқа да мемлекеттік қызметкерлер өздеріне қарасты аумақтардың тұрғындарымен жиі кездесіп, олардың талап-тілектеріне құлақ қояды. Тіпті «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында кейбір мәселелерді сонда тұратын тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып бюджетті жұмсау да іске асырылып келеді.
Шымкент қаласы әкімінің шалғай елдімекендерді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қаратау ауданы әкімі аппараты қызметкерлері аудан аумағындағы «Бозарық» саяжайының тұрғындарымен кездесті.
Жиын барысында саяжайдың өзекті мәселелері, оның ішінде көшелерге атау беру, асфальт төсеу бойынша өтініштері жан-жақты талқыланды.
Айта кетейік, Бозарық саяжайында 55 көшенің 20 көшесіне асфальт төселген. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.