Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты қазақстандықтарға арнаған Жолдауында пандемияның басталуымен әлемде дамудың жаңа жағдайы қалыптасқанын айтты. Ендігі жерде ол жағдайға бейімделіп өмір сүру арқылы мемлекеттер өздерін сақтап дамытатынын, ол үшін азаматтарымыз, оның ішінде жастарымыз жаңа жағдайда белсенді өмір сүруге бейімделуі керек. Мемлекет оларға толық жағдай жасауы қажет, сонда еліміздің болашағы жарқын болатынын айтқан еді.
Жаңа жағдайда жан-жақты шыныққан, салауатты өмір сүруді мұрат еткен белсенді де білімді, иманды да отаншыл, ұлттық рухы биік ұрпақ тәрбиелеу ісінде шымкенттіктердің жасап жатқан жұмыстары нәтижелі. Қаладағы жастар ұйымдары жасөспірімдерге арналған көптеген бағдарламалар, іс-шаралар, акциялар ұйымдастырып отырады. «Отанды сүю – иманнан!» тақырыбындағы іс-шара солардың бірі.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі мен «Шымкент қаласы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің және Шымкент қаласы «Аралас жекпе-жектің бірлескен федерациясы, ММА»ның ұйымдастыруымен «Отанды сүю – иманнан» тақырыбында іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – «Отанды сүю – иманнан» демекші, кереғар діни ағымдардың алдын алу және нашақорлықтан аулақ болу, сондай-ақ жастарды спортқа баулу болып табылады.