Президент Қ.К.Тоқаев өз Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресті жандандыра отырып, жемқорларға жазаны қатаңдатуды айта келіп «Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын» деді. «Antikor.Live» жобасы сондай күрестің жаңа тәсілінің бірі.
«Antikor.Live» жобасы аясында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Тасқынбай Бүрлібаев тікелей эфирде Қоғамдық кеңестің ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығында атқарған жұмысынан хабардар етті.
Спикердің айтуынша, Шымкент қаласы және аудандық партия филиалдары жанында барлығы 5 Қоғамдық кеңес құрылып, оларға қалалық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар, бұқаралық ақпарат құралдары, Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері, жалпы саны 45 мүше енгізілген.
Құрылған кеңестердің міндеттеріне қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру, азаматтардың және қоғамның құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз етуге жәрдемдесу, мемлекеттік және салалалық бағдарламаларды іске асыру және мемлекеттік бюджеттің қаражатын пайдалану кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жағдайына талдау өткізу, партия мүшелері болып табылатын барлық деңгейдегі әкімдердің, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар басшыларының аймақтағы және өздері басқарып отырған органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жағдайы туралы есептерін тыңдау секілді мәселелер жатады.
Қоғамдық кеңестің 2021 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес, есепті мерзімде 5 отырысы өткізіліп, 4 қалалық басқарма басшылары, 2 аудан әкімдері мен 1 аудандық партия филиалы жанындағы Қоғамдық кеңестің есебі тыңдалған. Қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға 61 ұсыныс беріліп, олардың 70 пайызға жуығы орындалған.
Одан бөлек, спикер қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан мемлекеттік бюджеттің мақсатты және тиімді жұмсалуы бойынша қаладағы құрылыс нысандарына, тұрғын үй, жол мәселесі мен әлеуметтік нысандардың құрылысына 30-дан астам мониторинг жұмыстарын жүргізгендігін мәлімдеді.
Тікелей эфир соңында Тасқынбай Бүрлібаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының қаулысымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының Шымкент қаласында жүзеге асырылу барысынан хабардар етіп, азаматтарды жеке қабылдауға қатысты сұрақтарға жауап берді.