Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылға арнаған «Жаңа кезеңдегі Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осы індетпен күреске ерекше көңіл бөліп, бұл вирусқа қарсы бірлесіп, тұтас халық болып ұйымдасқанда ғана тоқтата аламыз, деген еді. Шілде айының соңына қарай еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы:
«Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу» деп қазақстандықтарға індетке қарсы бірлесіп күресу керектігін айтты.
Еліміздегі үшінші мегаполиске Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі А. Цой арнайы жұмыс сапарымен келді.
Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қаладағы халықаралық стандарттарға сай жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының Call орталығының жұмысымен танысты. Орталықта бір ауысымда 30 диспетчер жұмыс істейді.
«Эпидемиялогиялық жағдайдың өршуіне байланысты қазір жедел жәрдем қызметіне күніне 5000-ға жуық қоңырау келіп түсуде» — дейді орталықтың бас дәрігері Г. Құрманбекова. Соған қарамастан жедел жәрдем қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, науқастарға медициналық көмекті дер кезінде көрсетіп жатыр.
Орталықтың жай-күймен танысқан министр А.Цой пандемиямен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, өз алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі «Медикер» медициналық орталығының жұмысымен танысты. Орталықты аралап шыққан министр оңалту емін алып жатқан науқастардың жағдайын көріп шықты.