Халықтың құқығын қорғап, қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етудің мемлекеттік маңыздылығын айта келіп Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі» деп құқық қорғау орындарына зор жауапкершілік жүктеген болатын.
Еліміздегі үшінші мегаполистің полиция департаменті сол жүктелген жауапкершілік үддесінен шығып жүр.
Шымкенттік полицейлер алаяқтық жолмен ақша тауып жүрген азаматшаны анықтады. Қаратау ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында, белгісіз тұлға абоненттік номерінен SMS ретінде келген ‹‹құпия сөз›› сандарын біліп алып, есеп-шотында болған 200.000 теңгені өзіне иемденіп кеткендігін көрсеткен.
Аталған жайт бойынша, Қаратау АПБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Түркістан облысы, Шұбарсу елдімекенінің тұрғынын анықтап, басқармаға жеткізді. Оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Өз кезегінде, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындарын бөгде адамдарға сеніп, алданып қалмауға кеңес береді.
«Newqazaq.kz» ақпараттық порталы.