Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстанды жаңа жағдайға бейімдеуде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын айтқан болатын. Өйткені, жиырма бірінші ғасырда бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына көтерілу үшін елдегі барлық саланы цифрлық жобаға өткізіп, оның халықтың негізгі бөлігі күнделікті қолдана алатындай жағдай туғызылуы керек. Бүгінде күнделікті өмірімізде көптеген алатын қызметтеріміз, істейтін ісіміз, берілетін ақпарат, басқа да қажеттеріміз сандық жүйеге көшкендіктен халықтың негізгі бөлігі цифрландырудың игіліктерімен таныс, қолдана да біледі.
Өмірімізде жаппай орын ала бастаған цифрландыруды енгізуде мегаполис әкімдігі жоспарлы жұмыстарды жалғастыруда.
Цифрлы Қазақстан жобасы аясында Шымкент қаласы Әл-фараби ауданында атауы заңдастырылған 45 көшеге 4321 дана QR коды бар тақтайша ілу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, 2020 жылы аудан аумағында орналасқан 672 көпқабатты тұрғын үйлерге және 75 көшеде орналасқан 2380 жер үйлерге «QR-код» және индексі жазылған жаңа үлгідегі тақтайшаларды орнату жұмыстары жүргізілген. Бұл көптеген істерде жеңілдіктер беруде. Таяуда басталғалы отырған Ұлттық халық санағында да цифрландырудың бұл элементтерінің көп пайдасы тимек.
Мегаполистегі Әл-Фараби ауданында жалпы 404 көше бар. Бүгінде аудан аумағында атауы берілмеген көше қалған жоқ.
«Newqazaq.kz» ақпараттық порталы.