«Әттең-ай» деп бармақ тістеп қалмайын десек…
Хакім Абай «Қазақтың жаманшылдыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының тайын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық-сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?» дейді қырық екінші қара сөзінде.
Осыдан талай жыл бұрын жазылған сөз бүгінде маңызын жоғалтқан емес. Өкініштісі, қазіргі таңда жұмысы жоқ, тамағы тоқ жас жеткіншектер азғындалып, оның арты қылмыс жасаумен аяқталуда. Тепсе темір үзетін жастарымыздың ой-санасының азғындығы жанға батады.
Рас. Бүгінде егде тартқан кісілердің ғана емес, өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналды. Теледидарды немесе әлеуметтік желіні ашсаңыз, бір-біріне әлімжеттік көрсеткендерді, қалтаға қол салып, ұрлық қылғандарды яки бұзақылыққа барғандарды көреміз. Бұғанасы бекімеген балаларды темір торға тоғытуға да, әлгіндей ұрлық-қарлыққа да қимайсыз. Бар болғаны «Әттең-ай» деп бармақ тістеп, сан сабалаймыз. Әрине, қай елде болмасын қылмыс жасау бар. Алайда сондай қылмысты болдырмау үшін жауапты мамандар бар күшін салып жұмыс істеуі керек.
Әсіресе, ата-аналар баланың әр басқан қадамын бақылап, айналасында жүрген ортасын зерттеуден жалықпағанда ғана жастарымыздың аяқтарын шалыс баспауына ықпал ете аламыз.
Әрине, бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Бұл әбден зерттелген қағида. Олай болса, алдымен баланы емес, өзіміздің әрбір іс-әрекетімізге абай болайық дегім келеді.
Әйгерім АРМАНҚЫЗЫ,
Шымкент қаласының тұрғыны.