Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасына сәйкес «Халық қатысатын бюджет» жобасы Шымкент қалалық әкімдігімен белсенді жүзеге асырылып келеді. Осы жоба аясында тұрғындардың ұсынысымен 2021 жылы Еңбекші ауданында 56 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылады.
Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары басталды. Абаттандыру барысында сол көпқабатты үйлердің тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштер ескеріледі.
Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек «Халық қатысатын бюджет» жобасын кеңінен таныстырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсатта аудан әкімі «Теріскей» шағын ауданындағы 59,67,68-ші көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесіп, үйлердің ауласында атқарылатын абаттандыру жұмыстарымен таныстырды. Сонымен бірге, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Халық қатысатын бюджет азаматтардың жергілікті бюджет қаражатының бір бөлігін бөлу мен жұмсауға қатысуына мүмкіндік беретін жоба. Осылайша азаматтар өздері тұратын аумақтарды дамыту мен абаттандыруға қатысады. Жобаны жүзеге асыру үшін Шымкент қаласында арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, ол төрт ауданның әкімдіктері арқылы орындалуда. Осы мақсатта арнайы www.open-shymkent.kz интернет ресурсы әзірленді.
Одан бөлек, қала әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес аудан аумағында бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа баулу мақсатында осы жылы 16 ашық спорт алаңшалары салынатын болады. Оларды саларда да тұрғындар пікірі ескеріледі. Міне, осылайша Шымқала әкімдігі Мемлекет басшысының Жолдауын халыққа түсіндіре отырып, нақты жүзеге асыруда белсенді жұмыс жасауда.