Президент Қ.К.Тоқаев айтқандай туризм саласын дамыту, жасөспірімдер мен жастарды спортпен шұғылдануға қызықтыру мәселелеріне байланысты Шымкентте жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Қала әкімі М. Әйтеновтың бастамасымен Шымкентті Қазақстанның шахмат астанасы ету қолға алынған еді.
Шымкентте халықаралық шахмат күніне орай ескерткіш ашылды. Орталық саябақта орнатылған шахмат фигурасының биіктігі — 3 м, салмағы — 4 тонна. Сәулетті мүсінді «Шымкент — Қазақстанның шахмат астанасы» атануына орай «Black Rock Business» ЖШС-і өкілі Бауыржан Мырзатаев Шымкент қаласына сый ретінде тарту етті.
Сондай-ақ, сәрсенбі күні Шымкентте шахматтан жасөспірімдер арасында ҚР Чемпионаты басталды. Сайыстың ашылу салтанатына Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко, «Black Rock Business» ЖШС-і директорының орынбасары Бауыржан Мырзатаев, Қазақстан шахмат федерациясының директорының орынбасары Ануар Исмагамбетов және «Visit Shymkent»орталығының басшысы Айдарәлі Раманов арнайы қатысты.
Спорттық сайыстың басты мақсаты – халықаралық шахмат аренасында Қазақстанның оң имиджін қалыптасыра отырып, Шымкентті зияткерлік шаһарға айналдыру. Қаланың туристік тартымдылығын арттырумен бірге жастардың осы спорт түріне қызығушылығын туғызу.
«Шымкент – Қазақстанның шахмат астанасы» атану сәтінде қаламызда оны айғақтайтын арнайы ескеркіштің болуы маңызды. Жергілікті тұрғындар мен шахмат жанкүйерлері үшін Орталық саябақ негізгі орынға айналып үлгерген. Сондықтан шахмат фигурасына осы орын таңдалып алынған.
Шахмат әлемдегі кең таралған ойындардың бірі саналады. Шахмат адамның есте сақтау қабілетін жақсартып, қиын сұрақтарды шешіп, күрделі идеяларды ойлап табуға септігі мол. Шахмат ойынынан Шымкент қаласында да жеңісті дәстүр бар. Көптеген халықаралық додаларда Әнұранымызды шырқата білген алғашқы гроссмейстерлер Ринат Жұмабаев, Гүлісхан Нахбаева және Жансая Әбдімәлік, Гүлмира Дәулетова Шымкент қаласының тумасы. Сондай-ақ Қазақстанда тұңғыш рет Шымкент мектептерінде шахмат ойыны енгізілді. Өңірлерде шахматты жаппай ойнауға қызығушылық тудыру – бүкіл елдің шахматшыларының шығармашылық байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының Шымкентте ұйымдастырылуына бастамашы болған — «Visit Shymkent» орталығы. Айта кетейік, маусым айында «Қазақстан Шахмат Федерациясы» Қоғамдық бірлестігі мен «Visit Shymkent» орталығы арнайы ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын.