Екі күн бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдегі коронавируске байланысты ахуалға арнап жиын өткізді. Онда Президент індетпен күресте жауапкершілікті күшейту керектігін, аурудың алдын алу жағына баса назар аударуды тапсырып: « Індетпен күрестегі ең тиімді жол – екпе салу» деген еді.
Шындығында да әлемді жайлаған бұл індетті ауыздықтаудың, өзіңе, отбюасыңа, айналаңа жұқтырмаудың жалғыз жолы карантин талаптарын қатаң сақтау мен жаппай вакциналану болып тұр. Сондықтан да дәл осыған ел басшысы да ерекше назар аударды.
Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов те бұл мәселеге байланысты жұмысты бұрынғыдан да жандандыруды тапсырды. Қалада өткен тәулікте коронавирус инфекциясына қарсы 2673 адам вакцина салдырды: I компонент — 1012, II компонент — 1661. Егу науқаны басталғалы барлығы 345 167 адам вакциналанды. Оның ішінде 219 325 адам вакцинаның екі компонентін алды.
20 шілде күні КВИ-дің 412 жағдайы тіркелді (белгілері бар – 322, белгілері жоқ – 90). 204 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 208 адам үй бақылауына алынған.
Қазіргі таңда мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 2946 орын бар. Төсек-орын толымдығы — 66 пайыз.
Сонымен қатар, 20 шілде күні 784 нысанға тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 11 нысанда карантин режимінің талаптары бұзылғандығы анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Қалада эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі жағдайда. Қала тұрғындарын қоғамдық орындарда бетперделік режимді сақтап, тезірек екпе алуға шақырамыз.