Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылға арнаған Жолдауында қазақстандықтарға бос сөзділіктен нақты іс-қимылға кқшу керектігін қадап айтқан болатын. Өзі бас болып сол айтқанын орындауға тырысуда. Министрліктер мен әр деңгейдегі әкімдіктерде де серпіліс, сөзден іске көшу байқалуда. Оны Шымкент қаласындағы жыл басынан бергі істеліп жатқан жұмыстардан да байқау қиын емес.
Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық бағыты 7 негізге сүйену керектігін меңзеп, экономика халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуі тиістігіне тоқталды. Президентінің айтуынша, игілік пен міндетті тең бөлу, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, жаңа кәсіпкерлерге арналған нарықты қалыптастырып, әділ бәсекелестікке жағдай жасау – негізгі бағыттар қатарында болмақ. Сонымен қатар, өндірісті арттыру, күрделі әрі технологиялық экономикаға иек арту; адам капиталын дамытып, инвестиция мен білімнің жаңа түрін қалыптастыру; экономиканы жасылдандырып, қоршаған ортаны қорғау; мемлекеттің негізделген шешімдер қабылдап, қоғам алдында сол үшін жауап беруін қамтамасыз ету – басымдықтар қатарына кіреді.
Біздің Шымқалада да жоғарыда айтылған міндеттерді жүзеге асыру байқалуда. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздарды арнаулы мамандықтарға қайта оқыту, кәсіпкерлігін бастағысы келетіндерге жан-жақты көмектесу іске асырылуынан бүгінде қаламыздағы кәсіпкерлердің басым бөлігі жұмыс ауқымын кеңейтсе, жаңадан кәсібін ашқандар да қала әкімдігінің тиісті бөлімдерінің қолдауымен кәсібін дөңгелентіп, отбасын және бірнеше жұмыс істеушілерін асырап, қала бюджетіне де қаржы құюда.
Қоғамда қордаланған түйткілді жайттар мен олардың шешу жолдары туралы айтқан Президентіміз барлық саладағы түйіндердің жүйелі тарқалатынын жеткізді. Қ.К.Тоқаев: «Ішкі жалпы өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек. Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін-өзі ақтап, қолдауға ие болады. Осыны әрдайым есте ұстауымыз қажет», деді.
Осы мәселелерді шешуде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» талабына сай қаладағы аудандардың әкімдері өз аумағындағы тұрғындармен онлайн да, офлайн да кездесулер өткізіп, халық арасында жиі болып, олардың айтқан ұсыныс-талаптарын, өтініштерін тыңдап, оларды жүзеге асыруға мән беруде. Бұл қаладағы аулаларды абаттандыру, көше, гүлзарларды жақсарту, инфрақұрылым мәселесін іске асыруда көрініс табуда.
Жыл басынан бергі уақытта Жолдаудағы міндеттердің орындалысы қаламызда жақсы жүзеге асырылуда. Ендеше, шымқалалықтар, Мемлекет басшысы межелеп берген бағытты нық ұстап, экономикамызды жақсарту жолында жұмылған жұдырықтай жинақы жұмыс істеуіміз қажет. Әсіресе, жеті экономиалық негізге сүйеніп, сенімді әрекет еткеніміз абзал. Сонда мегаполисіміздің даму қарқыны өсіп, өзіміздің өміріміздің деңгейі жоғарылай бермек.
Гүлжан ӘМІРЕЕВА,
Newqazaq.kz ақпараттық порталы.