Мемлекет басшысы Жолдауында короновируспен күрес жалғасып жатқанын, оны жеңу үшін жаппай вакцина егу мен қауіпсіздік шараларын мұқият сақтау қажеттігін, бұл істерде мемлекеттік мекемелер негізгі міндеттерді іске асыру керектігін айтты.
Шымкент қаласының әкімдігі бұл бағытта нақты жұмыстар атқаруда. Вакциналау бойынша елімізде үшінші орында тұрса, соңғы кезде «Ашық» қосымшасын енгізуде де алға шығып келеді.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен оған қарасты барлық 10 коммуналдық мемлекеттік мекемеде коронавирус індетінің белең алуына қарсы «Ашық» мобильді қосымшасы орнатылды. Қызмет алушылардың қауіпсіздігі мақсатында аталған нысандарға тек «Ашық» қосымшасымен тексеру арқылы кіруге болады. Сақтық шараларын қадағалау үшін әлеуметтік мекемелер бетперде, антисептик сынды барлық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Халық көп шоғырланатын мекемелер болғандықтан пандемияға байланысты қауіпсіздік шараларын қадағалау аса маңызды. Бұл істе «Ашық» қосымшасының нәтижесі үлкен болмақ.
Қазіргі кезде елімізде «жасыл аймақта» бірде-бір аумақ қалмады. Індет ушығып тұр. Дегенмен, жергілікті кәсіпкерлер сақтық шараларын сақтап жұмыс істеуіне рұқсат. Осы орайда «Ashyq» мобильді қосымшасының септігі тиюде. Өйткені тұрғындардың індет жұқтырғанын анықтайтын бірден-бір көмекші болып отыр. Бизнесі тұралап қалмауы үшін шымкенттік кәсіпкерлер «Ашық» мобильді қосымшасына қосылуда.
«Ашық» жобасына қатысуға ниетті кәсіпкерлер «info.kazakhstan» сайты арқылы өтініш береді. Сонан соң, оларға арнайы QR код беріледі. Сәйкесінше әр кәсіпкерлік нысанның кіреберісіне QR код жүйесі орнатылады. Келушілер мобильді қосымшаны алдымен телефонға жүктеп, нөмірі бойынша тіркелуі тиіс. Кейін QR-кодты сканерлеп, ЖСН нөмірін енгізеді. Сол кезде 4 түстің біреуі жанады.