Оңтүстікте маусым айының ортасынан суға шомылу басталады. Ал, шіліңгір шілдеде жұрт, әсіресе, балалар судан шықпайды, десе де болады. Бірақ, күн қанша ыстық болса да шомылуға тиым салынған жерлерге шомылып, құқық бұзушылыққа баруға болмайды.
Үшінші мегаполисте де балалардың субұрқақта шомылып жүргенін жиі байқаймыз. Сала жауаптылары ескерту тақтайшаларын іліп, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, дейді.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы Дархан Тұрғанбай: «Жасөспірім балаларды субұрқаққа шомылудан тоқтату қиынға соғып отыр. Ол бойынша біз полицияға және басқа да құзырлы жерлердің барлығына арнайы хаттар жаздық. Балаларды субұрқақтан шығарып жіберсек, біз немесе полиция кеткеннен кейін қайтып келіп шомылу жағдайлары орын алып жатыр. Оны жасырмаймыз», дейді.
Дегенмен субұрқаққа түскен балалардың ата-анасына әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 364 бабында жауапкершілік көзделген. Шомылу маусымы басталғалы бері шымкенттік 12 ата-анаға ескерту жасалыпты. Тағы да қайталанған жағдайда балаларының суда шомылғаны үшін олар 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 6 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Шомылу маусымы басталысымен полиция қызметкерлері су айдындары, фонтандардың аумақтарында нарядтарды күшейтіп, қызметкерлерді сол жерге жұмылдырған. Оған қоса полиция қызметкерлері тұрғындар мен қонақтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатаң қадағалауының нәтижесінде ағымдағы жылы су айдындары мен фонтандарда жасөспірім, үлкен адамдардың қаза болу фактілері тіркелмепті. Бұл да болса тиісті органдардың құқық бұзудың алдын алу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарының нәтижесі.
Фонтандар электр жүйелеріне қосылғандықтан кез-келген жағдайда тоқ ұру қаупі бар. Сол себепті мамандар фонтанға түспеуге, тіпті, аяқ пен қолды да батырудың өзі қауіпті, дейді.Жалпы, шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде шомылу құқық бұзушылыққа жататынын естен шығармаған абзал.