Жас ұрпақтың білімділігіне ел болашағы байланысты екенін айтқан Президент Қ.Тоқаев мектептерде дәстүрлі оқытуды қайта қалыптастыруды тапсырып, қайда, қай тілде оқыса да жас ұрпақ сапалы білім алуы тиіс,-деген еді. Шымкент қаласының әкімдігі заманауи мектептердің қатарын көбейтуге мән беріп, 2021 жылы 32 мектеп құрылысы жүргізіліп, оның 20-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 72 мектеп салынбақ.
Таяуда Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» фракциясының мүшелері Мұхтар Ерман, Берік Бекжанов пен Ғани Ташқараев Шымкент қаласының «Құрсай» шағын ауданында салынып жатқан мектеп құрылысының барысымен танысты. Құрылыс нысаны Абай ауданындағы үш ауысымды мектептер мәселесін түпкілікті шешу мақсатында жүргізілуде. Жаңадан салынып жатқан мектеп пайдалануға берілсе «Құрсай» шағын ауданындағы көптеген оқушылардың бір ауысымда білім алуына мүмкіндік туады. Бүгінде «Құрсай» шағын ауданындағы оқушылар саны 3112-ге жеткен. Құрылысының 60 пайызы орындалған мектеп осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Жобаның жалпы құны 835 млн. теңгені құрайды.
Депутаттармен кездескен «Құрсай» шағын ауданының тұрғындары мектепке баратын жол сапасының сын көтермейтініне наразы екендіктерін білдірді. Өз кезегінде Берік Бекжанов бұл мәселені бақылауға алып, оның шешімін табуына ықпал ететінін айтты. Кездесуге қатысқан кәсіпкер, жекеменшік мектеп құрылысын жүргізіп жүрген инвестор аталған нысанды салуға кететін шығынның көптігін ескере отырып, салық төлеу кезінде өздеріне жеңілдіктер болуын жолға қоюды ұсынды.
Мәжіліс депутаты Ерман Мұхтар жекеменшік мектептер тек үш ауысым мәселесін шешіп қана қоймай, оқушылардың сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмелерге баруына жағдай жасайтынын, сондықтан да инвесторлардың мұндай ұсыныстары қолдау табуы керектігін атап өтті.