«Бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз» деді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында.
Бұл, шынымен де бүгінгі күннің маңызды көзқарасына айналып отыр. Адал еңбектің наны тәтті демекші, тек еңбектену, жас ұрпақты адал еңбекке бейімдеу, тәртіп пен жауапкершілікті бойға дарыту, терең білім алу – бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырады.
Бұл Жолдауды болашаққа зор сеніммен қарайтын әрбір қазақстандық қолдайды деп ойлаймын. Президент елге маңызды 7 қағиданы атады. Сондай ақ, әрбір қазақстандықты кәсіби өмірде ғана емес, жалпы өмірлік жолында жауапкершілікті бойға жүктей отырып, адал да ақиқат жолында еңбек етуге шақырды. Осы жеті қағиданың ішінде адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім беруге инвестициялар құю жайлы айтылды. Бұл нені білдіреді? Ең алдымен, адамда алға ұмтылыс болуы қажет. Өзін-өзі дамыту, жаңашыл білімді меңгеру, үйренуден басталады деген сөз. Жолдаудың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталуының өзі орынды.
Пандемия кезінде, шыныменде, ел басына ауыр күн туды. Қаншама жерлесімізден айырылдық. Қатерлі де, қасіретті дерттің кесірі біраз отбасыны шарпып өтті. Қазақстан халқы бірлігінің арқасында бірнеше айлық төтенше жағдай, карантиннің ауыр күндері артта қалғандай. Жақсылық жасап жарысып, бір-біріне қол ұшын берді. Осынау сындарлы да, сынақты күндер біраз шындықтың бетін ашты. Яғни, медицина саласының дәрменсіздігі, оны көре тұра халықтың өз денсаулығына деген жауапсыз қарауы тағы бар, бұған қоса әлеуметтік экономикалық жағдайдың құлдырауы. Міне, осы жағдай жаңа іс қимыл жасауға түрткі болды.
Бүгінгі таңда мемлекет басшысы қойған талаптар негізінде жүргізіліп жатқан жұмыстар қуанарлықтай.
Асылзат АРЫСТАНОВА,
Шымкент қаласы
Әл-Фараби атындағы қалалық
ғылыми-әмбебап кітапханасы
директорының орынбасары.