Мемлекет басшысы еліміздің басты байлығы адам екенін айтумен келеді. Сондықтан да әрбір адамның өмірі өзі үшін ғана емес мемлекет үшін де маңызды. Түрлі ауру, басқа да жағдайларды айтпағанда жыл сайын елімізде ондаған мың адамдар жол апатынан қаза болып, не мүгедек болып қалуда. Шымкент қаласы әкімдігі мен құқық қорғау органдары адам өмірін сақтаудағы жол ережесін бұзбаудың маңыздылығына мән беруде.
Шымкент қаласында жол ережесі талаптарын сақтау мен жаяу жүргіншіге, автокөліктегі жолаушыға да ыңғайлы, қауіпсіз жағдайлар жасауды жалғастыруда. Дегенмен, көптеген жағдайда автокөліктегі жолаушылардың да жолда жүру ережесін сақтамауы құқық бұзу мен қайғылы оқиғаларға соқтыруда. Сол себепті қалада жол ережесін сақтау шаралары қолға алынып, жүзеге асырылып отырады. Таяуда Патрульдік полицейлер жол ережесін бұзған жүргізушілерді анықтау мақсатында арнайы рейд өткізді
2021 жылдың 15-шілдесінде Шымкент ҚПД Патрульдік полиция полкінің инспекторлары рейд өткізді. Іс-шара жүргізушілердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының санын төмендету мақсатында қолға алынып отыр. Рейд барысында автокөлігінің терезесін күңгірттеп алған, жүргізуші куәлігінсіз, мемлекеттік нөмірсіз көлік басқарған, жол ережелерін сақтамаған жүргізушілер ұсталды.
Терезесі күңгірттелген автокөлік жүргізушілеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі (күңгірттеу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ, көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар мен жағдайлары бар көлiк құралдарын басқару бес (5) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соқтыратынын ескертті.
Жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған жүргізушілерге ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2 тармағы (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) бойынша, мемлекеттік нөмірсіз жүрген жүргізушілерге ӘҚБтК-нің 590-бабымен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырылды.
Жол қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласының полицейлері түрлі бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдауда.