Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыта отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру ісін жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының әкідігі жыл басынан бері ондаған балалар алаңшалары мен шағын спорттық кешендердің құрылысын жүргізуде. Олардың бірқатары өткен айларда пайдалануға беріліп, жасөспірімдер мен тұрғындар игілігіне пайдаланылуда.
Мегаполистің Әл-Фараби ауданында 9 спорт және балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды.
Аудан әкімі Рашид Мыңбаев нысан құрылысының барысын тексеру үшін Отырар шағынауданындағы №№ 11, 12, 13/1, 13/А көп қабатты үй аулаларында салынып жатқан алаңшаларды көрді. Онда тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстары мердігер мекеме тарапынан ескерілетіндігін түсіндірді.
Жыл соңына дейін Әл Фараби ауданында жаңа 27 спорт және балалар ойын алаңшасы бой көтереді деп жоспарланып отыр. Оның 14-і «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында орнатылады. Ойын алаңшаларымен қатар ауланы абаттандыру жұмыстары да жүргізілетін болады.
Тұрғындардың еркін отырып демалуы үшін бастырмалы сәкілер, жаңа орындықтар мен қоқыс алаңшалары, спортпен шұғылдану элементтері қоса орнатылады. Бұл шымқалалықтардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету мен салауатты өмір сүруіне және жас ұрпақтың дені сау шымыр болып өсуіне ықпал ететін болады.