Қай бір ұлттың, халықты басты арманы – Тәуелсіз мемлекетін құру. Қазақ халқының ғасырлар бойғы күресінің арқасында бұл арманының орындалғанына отыз жыл толады. Президентіміз Қ.К.Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Отанымыздың Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мәнді де мазмұнды етіп өткізуге үндеген еді. Соған орай Шымкент қаласының әкімдігі, оның ішінде қалалық Жастар ресурстық орталығы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын қазіргі карантиндік шектеулер жағдайында мазмұнды да тәлімді етіп өткізудің түрлі жолдарын қарастыруда. Орталықтың басшысы Е.Айтбаев:
– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жастарға біраз серпін беріп жатырмыз. «Үздік жастар премиясы» 2011 жылдан бері дәстүрге айналғанын білесіздер. Биыл сол салтанатты іс-шараны Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай 30 премия ұсынып, өзгеше форматта өткізсек пе деп отырмыз. Бұл жолы бұрынғыдай тек құжат өткізіп, оны комиссия көріп қоя салмайды. Қатысушылар әлеуметтік желі арқылы дауыс жинайды. Екі жақтың да пікірі ескеріледі.
Жастарға арналған жоба көп. Қазіргі күні жоспарланған жоба саны – 17. Соның бірі – «Шымкент жастар лигасы» – Қазақстанда алғаш рет біздің қаламызда ұйымдастырылды. Мектептегі ұстаздар да «осы лига дәстүрге айналса» деген өтінішін айтуда. Қыркүйек айында лиганы университет пен колледж арасында өткізуді жоспарлап отырмыз», дейді.
Үшінші мегаполисте Мемлекеттің Тәуелсіздігінің мерейтойын жасөспірімдер мен жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге, спортпен шұғылдануға, білімге ұмтылу, туған жерінің белсендісі болуға тәрбиелеу жолында жасалып жатқан жұмыстар жыл аяғына дейін жалғаса бермек.