Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мас күйінде көлік жүргізетіндерге жаза қатаңдатылды. Алкогольмен, есірткі заттарымен масаю күйінде көлік құралын басқару жол жүру қозғалысына жоғарғы қауіптілік жағдайын төндіреді.
Масаң күйде көлік басқару жайтын болдырмауды қатаң бақылау үшін полиция қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп отырады.
Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңына және 13.11.2014 ж. №1196 қаулымен бекітілген, «Жол қозғалысы Қағидалары» 2- тарау 2-бөлімінің 2 тармақшасына сай, жүргізушіге жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіретіндей масаң күйде (алкогольді, есірткі немесе өзге де) көлік құралын басқаруға тиым салынады.
Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабына 27.12.2019 жылғы Заңмен өзгерістер енгізіліп, мас күйінде көлік жүргізгендерге әкімшілік жауаптылық қатаңдатылған болатын. Оған сай бұл баптың 1-бөлігінде жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді деп көрсетілген.
Сонымен бірге, Заңға енгізілген толықтыруларға сай Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі де, яғни құқық бұзушыларға қылмыстық жауаптылықты қатаңдату және осы санаттағы қылмыстардың алдын-алу мақсатында14-тарау 345-1-баппен алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуына жауаптылық түрімен толықтырылып, және көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру жөніндегі 346-бап жаңа редакцияда жазылды.
Көлік құралдарын басқару құқығынан әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің талабымен айырылып, жазаға тартылған адамдардың одан қортынды шығармай жол қозғалысына қатынасушылардың қауіпсіздігіне немқұрайлықпен қарап жауапкершілікті толық сезінбей қайтадан көлік рөліне масаң күйде басқаратындары да біршама кездеседі.
Қылмыстық Кодекстің 346-бабының 1-бөліміне сай, яғни көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Көлік басқарған кезде жүргізуші адамдардың өмірі мен денсаулығына жауапты және сол үшін заңмен жауапкершілік те қаралған. Бұл жағдайлар жүргізушінің үнемі мұқият және жоғары жауапкершілікте болуын талап етеді.
Бөрлібай ҚАЙЫПОВ,
Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы.