Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды.
Президент білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығы мен денсаулық сақтау саласын дамыту жайында айта келіп, отбасылық-демографиялық жағдайына және балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысының пікірінше, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейінше әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісін табысты жүзеге асыру мүмкін емес. Алдымызда мемлекеттің азаматтарға қызмет етуінің жаңа стандарттарын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс бар. Бұл істе маңызды рөл атқаратын құқық қорғау органдары мен сот жүйесін үлкен реформалар күтіп тұр.
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша қылмыспен күрес саласын жаңғыртқан жөн. Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын. Тағы да қайталап айтамын, заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуге тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек», – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасының алғы шарты – дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот жүйесін қалыптастыру. Бұл ретте елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету жұмыстары жыл санап жетілдіріліп келеді. Қара қылды қақ жаратын әділ сот төрелігін жолға қою мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалау саласында айтарлықтай ілгерілеу болу үшін судьялардың кәсібилігіне, сот төрелігі мен сот ісін басқарудың сапасына негізделген түбегейлі жаңа тәсілдерге бет бұру керек деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірқатар басымдықтарды айқындады. Адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуді бірінші міндет ретінде атап көрсетті.
– Судьялар корпусы өздерінің күнделікті жұмысында осы ұстанымдар мен құндылықтарды басшылыққа алуға тиіс. Судьяларымыз адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстауы керек. Еліміздің судьялары кәсіби біліктіліктерін ұдайы арттырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, қалыптасқан ойлау жүйесін өзгертіп отыруы қажет. Бұл үшін сот саласындағы өзекті халықаралық үдерістерді ескеріп, судьялардың халықаралық қауымдастығымен тығыз байланыс орнату маңызды, – деді Президент.
Сот жүйесінің тәуелсіздігі – екінші маңызды басымдық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру міндетті шарт болу керек.
– Отандық және халықаралық сарапшылар судьяларды әлі де болса, соттар мен сот алқаларының төрағаларына тәуелді деп санайды. Бұл – тиімсіз тәжірибе. Бұдан құтылу қажет. Судьялардың құқық қорғау органдарына тәуелділігі – түйткілді мәселе. Судьялардың тәуелсіздігіне қатысты ешкімде күмән болмауға тиіс. Азаматтар, кәсіпкерлер және инвесторлар қазақстандық судьялардың бейтарап әрі әділ шешім шығаратынына сенімді болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сот саласындағы реформалардың мақсаты – судьялардың заңгерлік білімін одан әрі жетілдіру, судьялармен сот қызметкерлерінің мамандығын жетілдіру. Бір сөзбен айтқанда, заңдылық пен құқық қорғау саласында өркениет көшінен қалмау. Мемлекетіміз қаржы мәселесін шешіп, толық қамтамасыз етіп отыр. Енді сот жүйесіндегі өзекті мәселелерді уақытында шешу, озық тәжірибемен өркендей түсу – уақыт талабы болмақ.
Е.СЕРАЛИЕВ,
Шымкент қаласының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы.