Азаматтардың құқықтары мен олардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтудің негізгі факторы – сот және құқық.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында құқық қорғау саласы мен сот жүйесінде реформалалауды жүзеге асыру керектігін айтқан болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өтті. Мұндай шаралар, ең алдымен, қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар соттар мен сот рәсімдері қазіргі заман талабына сай болуға және азаматтарымыздың, бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауға тиіс. Президент мемлекеттің індетке қарамастан, сот жүйесін жаңғыртуды жалғастыра беретінін атап өтті. «Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық реформаның негізі адам игілігіне бағытталатынын ескертті. Сондықтан сот рәсімдері бәріне түсінікті болуға тиіс. Адам игілігіне бағытталған бұл әдіс биылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін әкімшілік әділет жүйесінің діңгегі болуы керек. Нәтижесінде мемлекеттік аппараттың азаматтармен жұмыс істеу жүйесі түбегейлі өзгереді. Бұл ретте маңызды реформаның табысты болуы соттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды. Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды.
Президент мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлердің өзара ықпалдастығына қатысты мәселені де қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соттар заманауи технологиялардың барлық жетістіктерін пайдалануға міндетті. Бұл орайда консервативті тәсілдерге орын жоқ. Сонымен бірге заман талабына сай технологиялық шешімдерді белсенді түрде енгізе отырып, уақыт ағымынан қалмау қажет.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект элементтерінен тұратын сот жүйесінің жаңа ақпараттық қызметін егжей-тегжейлі зерттеп барып әзірлеуді тапсырды. Оған енгізілетін көптеген сот актілері негізінде ол істің ықтимал нәтижесін болжай алады. Бірақ дұрыс қабылданбаған шешімдердің кесірінен қателік туындау қаупі де бар.
Заң үстемдігінің маңызды өлшемі – әділ сот төрелігі. Шешім әділ ғана емес, сонымен қатар бәсекелес болуы керек. Бұл бағытта Президент біраз оңтайлы өзгерістер егізу керектігін айтты.Сот жүйесіндегі реформалар бойынша енді соттарда азаматтардың құқығы қорғалады. Қоғамның сотқа деген сенімін нығайту – бүгінгі таңда сот жүйесінде жұмыс істейтін ең басым мәселелердің бірі.
Ғалым Мынбатыров,
Шымкент қаласының
мамандандырылған тергеу сотының төрағасы.