Шымкент қалалық әкімдігі Президентіз Қ.К.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындау барысында жоспарлы жұмысын жалғастыруда. Оның ішінде отбасы мәселесін де ұмыт қалдырмауда. Өйткені, отбасының беріктігі бала тәрбиесінің сапасына әсер етеді. Ал ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен жағдайда ортадағы балаға жағдай жасалуы қадағалауда болуы керек.
Жас ұрпақ ел болашағы болғандықтан олардың білім мен тәрбиесі мәселесін дұрыс қалыптастыру өте қажет. Ажырасқан отбасының балалары да қоғамда өзін тең де қалыпты жағдайда ұстауы үшін, оларға да мүмкіндігінше барлық жағдай жасалуы тиіс. Бірақ, кейбір ата-аналардың өз баласына алимент –қаржылай көмек беруден жалтаратындары да бар. Мегаполис әкімдігі ондайларды еріксіз алимент төлеуге мәжбүрлеу жолдарын тапқан. Алиментшілер «жұмыссызбын, айлығым мардымсыз» деп алимент төлеуден жалтармауы үшін, әрі шынымен жұмыссыз жүргендері үшін жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырып отырады.
Қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығында қала прокуратурасының және қалалық жеке сот орындаушыларының Өңірлік палатасымен бірге алименттік борышкерлерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, кеңес беру немесе жұмыс іздеуші ретінде тіркеу және келешекте алимент қарыздарын өтеу.
– Бүгінгі жәрмеңкеге қала аумағында орналасқан 10-ға жуық кәсіпорындар мен мекемелер қатысты. Онда 50-ден аса қатысқан борышкерлерге 190-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Олар «Azala Textile» ЖШС, «Каз Шпал» АҚ, «Мурат-Фарм» ЖШС, «Шымкентмай» АҚ, «Жаса 4» ЖШС және т.б. Сондай-ақ борышкерлерге жұмыспен қамту орталығы тарапынан 1382 бос жұмыс орындары ұсынылып, кеңес берілді, -деді жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы А.Қабылбек.
Қазіргі таңда өңірлік палатасының мәліметі бойынша Шымкент қаласында 10 311 алимент өндіру туралы құжаттары тіркелсе, оның 500-ге жуығы проблемалық борышкерлер қатарында. Жыл басынан бері ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес 131 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, ал атқару құжаттарын талабын орындамаған 1 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қарызы 6 млн. тг асатын 1 борышкерге қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. Одан бөлек алимент төлеуден жалтарып жүрген 4 борышкерге қатысты қылмыстық іс тергелуде.
– Атап өту керек, борышкерлер ұсынған жұмыстан бас тартса немесе Халыққа қызмет ету орталықтарына келмесе, ол атқару құжаттың орындауынан жалтарған деп саналады және заңмен көзделген әкімшілік немесе қылмыстық іске тартуға негіз болып табылады,- дейді Шымкент қаласы жеке сот орындаушыларының Өңірлік палатасы басшысының орынбасары А.Сартбаева.
Осы бір жәрмеңкенің нәтижесінде 47 борышкер жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 15-сі тұрақты жұмысқа жолдама алды. Бұл дегеніңіз алпыстан астам алиментші борышкер болашақта баласына қаржылай көмек төлейтін болады деген сөз.