1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басталған саяси, әлеуметтік және экономикалық қайта құру процесі негізінде елімізде ұлттық құқықтық жүйе қалыптасып, сот жүйесінің реформасы жүргізілді. Егеменді елдің сот саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді. Сот жүйесінің қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясының VII бөлімінде және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында айқындалған. Соттың мәртебесі, оның беделі мен тәуелсіздігі мемлекеттегі заң үстемдігінің, сонымен қатар, жеке азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты көрсеткіші болып саналады.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев осы саладағы кадр саясаты, сот шешімдерін жетілдіру, сот мәртебесі туралы тапсырма берді. Жолдауда «Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек» делінген.
Қазақстандық сот институтын дамытуда Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» ерекше атап өту қажет. «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 11 тармағы сот жүйесінің қызметіне арналған. Ұлт жоспарындағы бұл тармақтар әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу үшін сот реформасы қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Яғни, ішкі құрылымы мен соттың әділдігі бойынша қазақстандық сот әлемнің неғұрлым дамыған 30 мемлекетінің сот жүйелерімен терезесі тең келуі тиіс.
Осы аралықта жүргізілген сот-құқықтық реформаның нәтижесінде сот құрылысы мен сот ісін жүргізу бойынша жетістіктер бар. Оған заңнамалық регламенттеу және сот билігін ұйымдастыру, жаңаша жұмыс ережелерін енгізу дәлел болып табылады. Сот жүйесінде атқарылған бірнеше міндетті атап көрсетсек:
— еліміздің басты заңы – Конституцияда соттың мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретіндегі мәртебесі бекітілді; заңның үстемдігі сот билігінің негізгі міндеті екендігі, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы айқындалды; соттардың істерді қараған кезде ҚР Конституциясының ережелерін тікелей қолдануы алға қойылды.
— сот құрылысы және сот ісін жүргізу туралы заңнамаға халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қағидаттары мен нормаларын имплементациялау, олардың ұлттық заңнама алдындағы басымдығы белгіленді;
— судья лауазымына үміткерлерді іріктеудің жаңа талаптары мен критерийлері қойылды;
— сот жүйесінің материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және кадрлық дербестілігі, соттарды республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру бекітілді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қандайда бір мемлекеттегі реформаның тиімділігі қоғамның дәстүрі, менталитеті және ерекшеліктерімен тікелей байланысты. Тарихқа үңілетін болсақ, бірқатар шығыс мемлекеттеріндегі әлеуметтік-экономикалық модернизация олардың дәстүрлерімен сәтті үйлесім тапқан, дәстүр-салт қоғамдағы өзгерістердің өзегіне айналып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы 23 қазанда ҚР судьяларының VIII съезіне қатысып, еліміздегі сот жүйесінің дамуы және судьялардың мәртебесі туралы ойларымен бөлісті. Президент атап өткен мәселенің түйінін тарқататын болсақ, соттың әділ және тазалық принциптеріне берік болуы үшін қоғам мен мемлекет бірлесе күш жұмсауы қажет. Әлемді шарпыған пандемия кезеңінде еліміздегі шағын және орта бизнес, медицина, әлеуметтік сала және сот қызметі де үлкен сынақтан өткені белгілі. Мемлекеттік қызмет түрлерінің көпшілігі цифрландырылып жатқанда, сот саласы да осы үрдістен сырт қала алмайды. Сот процестерін жедел және қашықтан ұйымдастырудың оңтайлы тұстары да болғаны аталған жиында айтылды.
Президент Съезде жасаған баяндамасында судьялардың кәсіби деңгейі мен сот ісінің сапасына тоқтала келіп, бірқатар басымдықтарды алға қойды:
- Судьялардың кәсіби біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп отыру, жұмыс тәсілдерін дамытып, жаңа талаптарға бейімделу, халықаралық тәжірибені ұдайы ескеріп, шеберліктерін шыңдау. Адамның құқықтары мен бостандықтарын судья басты назарда ұстауға тиіс.
- Соттың тәуелсіздігін нығайту арқылы оның әділ және ашық болуын қамтамасыз ету. Осындай жағдайда ғана әртүрлі мәселемен сотқа жүгінген азаматтардың сот билігіне деген сенімі нығаяды. Өйткені, судьялардың соттар мен сот алқасы, құқық қорғау органдарына тәуелділігі – осы саланың өзекті проблемасы.
- Сот ешқандай да қоғамдық, бұқаралық ақпарат құралдарының, блогерлер мен журналистердің қысымына қарамастан. Заң шеңберінде соттың ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етілгенімен, ол судьяға қысым мен сот шешімін өзгерту құралы ретінде қолданылмауы керек.
Сонымен қоса, Мемлекет басшысы судья болуға үміткерлерге талаптарды халықаралық тәжірибеге сәйкес күшейту; кандидаттарды іріктеудің жаңа жолдарын қарастыру; сот үрдісіндегі қағазбастылықты шектеп, барынша оңтайландыру және халыққа ыңғайлы қылу; түрлі дау-дамайларды шешуде бітімгершілік тетіктерін қосуды тапсырды. Президенттің осы ескертпелері мен ұсыныстарына қарай отырып, сот жүйесін әлі уақыт сұранысына сай жетілдіру қажет екенін түсінеміз.
Бүгінгі Қазақстанның сот жүйесі әлемнің ең озық мемлекеттерінің халықаралық деңгейде танылған стандарттарына сәйкес келеді. Сот жұмысының сапасы, оның әділдігі мен ашықтығы – кез-келген мемлекеттің демократиялық дамуының басты факторы. Сондықтан сот жүйесін модернизациялау мен заманауи тетіктерді пайдалану оның барлық деңгейінде өзекті болып қала береді.
Луара ҚАЛДИЕВА,
Шымкент қаласының
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының судьясы.