Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендік жариялаған алғашқы жылдардан бері қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағы ғана Тәуелсіздігімізге тұғыр болатынын айтып келеді. Өзінің белсенділігімен құрылған Ассамблеяның да басты мақсаты – Қазақстандағы жүзден астам этнос өкілдерін жер иесі қазақ халқының айналасына топтастыру еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз ететінін шаршамай айтып келеді.
Тұңғыш Президенттің бұл бастамасын барлық этностардың өкілдері мен ел иесі қазақ халқы да қолдап, соның арқасында отыз жылдан бері егемендігіміз сақталып қана қоймай, нығайып та келеді.
Кеше ғана Шымкент қаласы әкімдігінде «Тәуелсіздік – бірлік пен тұрақтылықтың тұғыры» тақырыбында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ сессиясы өтті. Қала әкімі, қалалық ассамблея төрағасы М.Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында Елбасы айтқан тапсырмаларды қала аумағында іске асыру мәселелері талқыланды.
Отырысты ашып жүргізген қала басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесіне еліміз толымды табыстармен табан тірегенін атап өтті. Сонымен бірге Елбасы төрағалығымен өткен соңғы сессияда Ассамблеяның алдағы жұмыс стратегиясы ретінде айқындалған бес қағидат бойынша жауапты сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Қала басшысы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері осы қағидаттар шеңберінде алдағы жұмыс бағыттарын айқындап, ел Тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға өзіндік үлестерін қосатынына сенімді екенін жеткізді.
Сессия жұмысының қорытындысымен оған қатысушылардың қала тұрғындарына арнаған Үндеуі қабылданды.
Айта кету керек, бүгінде Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы қанаты астында 17 этномәдени бірлестік қызмет атқарады.