26 сәуірден бастап қазақстандықтарға отандық QazVac вакцинасы егіле бастайды. Препараттың алғашқы 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілді. Қазақстандық вакцина, ең алдымен, коронавируспен күрестің алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне, полицейлерге, сондай-ақ мұғалімдерге салынады.
QazVac қандай вакцина?
QazVac – «өлтірілген» вирустан жасалған вакцина. Препарат коронавирус ауруының вирусы мен оған қосылған иммуностимулятордан тұрады. Одан бөлек, құрамында су және аздап тұз бар. Былтыр көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отандық препаратты COVID-19-ға қарсы вакциналық кандидаттардың тізіміне енгізді.
QazVac вакцинасын білім және ғылым министрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі.
Бұған дейін қазақстандық вакцина QazCovid-in деп аталып келген білесіздер. Ол вакцинаның ғылыми, ал QazVac – бренд атауы.
Клиникалық сынақтың 3-сатысы әлі жүріп жатыр…
Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты аса қауіпті аурулар зертханасының меңгерушісі, профессор Леспек Құтымбетов клиникалық сынақтардың бірінші және екінші кезеңі қалай өткенін айтты.
«Бірінші фазаға 44 ерікті қатысты. Олардың 22-іне вакцинаның өзі салынса, қалған жартысына плацебо немесе «бос» дәрі, яғни, физиологиялық ерітінді егілді. Белгілі бір уақыттан кейін салыстырсақ, вакцина алған 22 адамда қанның құрамында гуморальдық иммунитет пен жасушалық иммунитет белгілері пайда болды. Одан кейін екінші фазада QazVac 200 адамға егілді. Гуморальдық иммунитет бүкілінің ағзасында түзілген», – деді ол.Ал клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне 3 мың адам қатысты. Олардың арасында созылмалы аурумен ауыратындар да бар.
Айта кетсек, клиникалық зерттеудің үшінші фазасы әлі жүріп жатыр, тек 50 процентке ғана аяқталды. Үшінші кезең толығымен 9 шілдеде аяқталады.
«Негізі, бұл – әлемдік тәжірибе. Көптеген мемлекет клиникалық зерттеудің үшінші кезеңін аяғына дейін жеткізбей, жартысына келгенде вакцинаны медициналық мақсатта шығаруға кірісіп жатады. Жалпы бүгінде клиникалық зеттеудің үшінші кезеңін толығымен аяқтаған бірде-бір вакцина жоқ», – деген еді бұған дейін білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.
Вакцинаның тиімділігі 100 пайыз деуге бола ма?!
«Вакцина, шынында да, қысқа мерзімде дайындалды. Ал бірақ, біз әу баста оның залалсыздығын тексердік. Оның залалсыз екенін толық сеніммен айта аламыз. Ал жүз пайыз тиімділік бола ма, болмай десек, жүз пайыз тиімділікті ешқандай вакцина бермейді. Мейлі ол Америкада, Ресейде, Қытайда, тіпті ғарышта дайындалсын, 100% тиімділік беретін вакцина өмірде болмайды. Егер жаппай қолданған кезде вакцина 80 немесе 70 пайыз тиімділік берсе, ол өте жақсы вакцина саналады», – деді QazVac-ты әзірлеген Леспек Құтымбетов.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, QazVac вакцинасының тиімділігі клиникалық сынақтардың бірінші және екінші фазасынан кейін 96%-ті құрайды.
Жанама әсерлері бар ма?
Леспек Құтымбетов – қазақстандық вакцинаны өзіне сынаған ғалымдардың бірі. Профессор екпе алғаннан кейінгі жағдайы туралы айтты.
«Ине салған жер аздап ауырды, кейбір әріптестерімнің терісі қызарды. Ине салған тұс бір-бір жарым күн ауырып жүрді. Ал басқа жанама әсері байқалған жоқ», – деді ол. Вакцина салдырғаннан кейін, ол ай сайын қанын зерттеп отырған. Айтуынша, 21 күннен соң қан құрамында коронавирусқа қарсы антидене пайда бола бастады.
«Қырық-елу күнге дейін антиденелердің титрі жоғарылады да, одан кейін бірқалыпты тұрып, алты ай бойы сақталды. Қазір жетінші айға келгенде азайып кетті. Яғни вакцина алты ай бойы иммунитет береді деп толық айтуға болады», – деді ғалым.
QazVac кімдерге салынбайды?
жүкті әйелдер;ВИЧ, гепатит, созылмалы ауруы асқынғандар;18 жасқа дейінгі балаларға. Леспек Құтымбетовтің айтуынша, теориялық жағынан вакцинаның балаларға зияны жоқ. Өйткені олардың иммундық жүйесі жақсы, жоғары деңгейде.
«Сондықтан қорқудың қажеті жоқ, оларға сала беруге болады. Бірақ бұған денсаулық сақтау министрлігі арнайы сынақтан өткізгеннен кейін ғана рұқсат береді», – деді ол.
Жаңа штаммдарға төтеп бере ала ма?
Биыл наурызда Қазақстанда коронавирустың мутацияланған «британдық» және «оңтүстікафрикалық» штаммдары анықталды.Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты QazVac вирустың жаңа түрлеріне қарсы тұра алатынына сендіріп отыр.
«Біздің отандық препараттан кейін пайда болатын иммунитет мутацияға ұшыраған кез келген вирусқа төтеп бере алады», – деді институттың бас директоры Күнсұлу Закарья.
Вакциналау қалай жүреді?
QazVac вакцинасын егу «Спутник V» препаратымен вакциналауға ұқсас. Отандық вакцинаны салдырғысы келетін қазақстандық егу пунктіне келіп, дәрігердің қарауынан өтеді, анкета толтырады. Денсаулығы жақсы болса, оған вакцинаның бірінші компоненті егіледі.
Екінші компонент 21 күннен кейін салынады.
«QazVac» пен «Спутник V»-ті араластырып ексе не болады?
«Антиденелердің қажетті деңгейі түзілуі үшін вакциналауды бір вакцинамен аяқтау қажет. Өйткені QazVac пен Спутник V мүлде екі түрлі, дайындалу әдісі өзгеше. Егер бір вакцинадан екіншісіне жүгіріп, вакциналау курсын біреуімен аяқтамасақ, онда ешқандай пайда болмайды», – деді денсаулық сақтау министрлігі ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, профессор Ләззат Ералиева.
QazVac қайда шығарылады
Бүгінде «QazVac»-тың алғашқы партиясы – 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілді. Бірінші партия биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының өзінде жасалды. Мамыр айында екінші партия жеткізіледі деп жоспарлануда. Ол да 50 мың доза көлемінде шығарылады.
Кейін вакцинаны жаппай өндіру үшін оны Түркия кәсіпорындарында құю көзделіп отыр. Бүгінде түрік елімен бұған қатысты уағдаластық бар.Ал күзге қарай Жамбыл облысында QazVac препаратын шығаратын арнайы зауыт ашылады.
«Зауыт құрылысы осы жылдың соңына қарай аяқталады. Қуаты бойынша орта есеппен бірінші кезеңде айына 500 мың доза есебін жоспарлап отырмыз. Зауыт кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұл күрделі нысан екенін білесіздер. Мұнда стандарттар, халықаралық талаптар сақталуы керек», – деді вице-премьер Ералы Тоғжанов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барғанда.
Зауыт қосымша техникалық қабаты бар қосқабатты ғимарат түрінде салынған. Ішінде жүздеген кабинет, ондаған зертхана бар. Коронавирусқа қарсы отандық вакцина дәл осы жерде әзірленеді.
Айта кетсек, QazVac вакцинасын жеткізу кезінде мұздатқыш қондырғылары қажет болмайды. Ол плюс 2-8 градус температурада тоңазытқышта тасымалданады.