ӨМІРДЕРЕК:
Момбек Сейтжаппарұлы ӘМІРБЕКОВ – бұрынғы Бөген ауданына қарасты Қайтпас ауылында 1961 жылы, 27 қаңтарда дүниеге келген.1978 жылы орта мектепті жақсы тәмамдаған ол Талдықорғандағы сол жылдары енді ашылған Заң техникумына оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын Шымкент облыстық базасының «Казхозторг» бөлімінде заңгер болып бастайды. Өзі сұранып Арыс қаласындағы әскери комитетке барып жүріп Мәскеуде әскери борышын өтеп қайтады.
1983 жылы қаңтар айынан бастап жұмысын Шымкент облыстық сотында қылмыстық сот алқасының хатшысы болып жалғастырады.
Сол жылдың сәуір айынан Шымкент қаласы Дзержинскии аудандық халық сотында сот орындаушы. 1989 жылдың қазан айынан сол сотта судьялыққа ауысады. Содан Еңбекші аудандық халық сотында, облыстық соттың мүшесі болып жүріп, 1994 жылы Еңбекші аудандық халық сотының төрағалығына жайғасады.
Білімі мен біліктілігінің арқасында өз мамандығын адал атқарған Момбек Сейтжаппарұлы Абай аудандық сотында да ұзақ уақыт судьялық қызметін атқарған. Қаратау аудандық сотында да судья болып біраз жыл еңбек етті. Бүгінгі таңда Еңбекші аудандық сотының судьясы.
СУДЬЯ БОЛУ ОҢАЙ МА?
Бәлкім бұл сұраққа базбіреулер «онда тұрған не бар, бәрі заңда жазылған, заңнан алшақ кетпесең болғаны» әрине, оңай дер. Алайда қиындығы мен қызығы қабаттасып жатқан судьялықтың өзіндік ерекшелігі жоқ емес. Таразының бір шетінде айыпкердің тағдыры мен оның болашағы, бір жағында қандай да бір жәбір көріп, араша сұраушы айыптаушы.Таразының басын тең ұстау кез келген судьяға оңай соқпасы анық. Олар да пенде. Алайда, қалыптасқан жағдайдан жол тауып, әділ шешім шығарып, халықтың сеніміне ие болып жүрген судьяның бір күн тіршілігін боямасыз жеткізуді жөн санадық.
ЖҰМЫС КҮНІ ОСЫЛАЙ БАСТАЛАДЫ
Жұмыс күні соттың төрағасының кабинетінде ұжым болып бүгінгі атқарылар істі бір пысықтап алудан басталады екен.Әрине, әрбір істің артында жүктелген үлкен жауапкершілік бар. Істің тиянақты, әділ шешіммен тынуы судьяның арында десек те болады.
– Күнделікті біткен істің төрешісі – халық. Шығарған шешімдегі олқылық пен әділдікті байқайтын да халық. Сотқа басына іс түсіп, әділетсіздікке ұшыраған, құқығы бұзылған жандардың ғана келетіні анық. Сан соғып алданғандар, шындық іздеп шарқ ұрғандар ақиқатқа араша болады деп сеніп келеді. Соттан әділдік іздегендердің үміті мен сеніміне қаяу түсірмей, сенім үдесінен шығу – әрбір судья үшін міндет. Ол үшін судья білімі мен біліктілігі жоғары, үлкен мәдениет пен парасат иесі болуы керек деп санаймын. Судьяның жұмысы бұл тікелей адамның, қоғамның өміріне қатысты жұмыс. Судья болған адам заңнама талаптарын ғана сақтап қоймай, қала берді, өзінің ар-ожданының алдында да жауапты болу керек. Ал жұмысыңда үздік болу үшін маман ретінде кәсіби білімді ғана болуың аз, адамның өзінің адамгершілік, азаматтық қасиеттері де болу қажет. Төраға осыны айтты. Осы қабырға ішіндегі әрбір істің қалай аяқталып жатқанын өзінің соққан жүрегіндей сезінген басшының мұнысына бас изедік.
Судьялар кабинеттен үлкен жауапкершілік жүгін арқалап шығып жатты. Жұмыс күні жаман басталмаған секілді.
ЕҢБЕГІҢ ШЫҒАРҒАН ҮКІМІҢМЕН ҚҰНДЫ
– Судья болып жүргеніме отыз жылға таяса да, әлі күнге шешім шығарарда қиналамын,- дейді Момбек Сейтжаппарұлы.
Әрбір істің артында адамдардың тағдыры бар. Сондықтан немқұрайлық танытпай, әрбір іспен мұқият танысу керек. Адамдарды тыңдай білу керек. «Заң – судьяның құралы, көздегені –әділдік» деген, сондықтан заңды әрі әділ шешім шығару көп еңбекті талап етеді. Күніне 12-14 сағат жұмыс істеген кездер болды. Үйге келгеннен кейінде қағаздан бас алмай, барлық көңілің жұмыста болады. Сондай кездері жұбайым түсіністікпен қарап, көмектесіп отырды.
Қаратау ауданы жаңадан құрылған аудан, оның үстіне бұл ауданға қаланың шет аймақтары қазақы ауылдар қосылған. Сондықтан да онша қылмыс та жоқ деп айта аламын. Аса ауыр қылмыстарды мамандандырылған қылмыстық сот қараса, жасөспірімдер арасындағы ауыр қылмыстарды ювенальды сот қарайды. Көбіне қылмыстық теріс қылық бойынша іс қараймын.
Бұл қоғамға онша ауыр қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген, адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян клтіру қатерін туғызғандар.
Бүгін қарап отырған ісім ҚК 108 бабы бойынша іс қараймын. Айыпкер кінәсін мойындап отыр, келтірілген зиянның орны жабылды. Енді осы іске қатысты үкім шығу керек. Ол – айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмысқа тарту, қамаққа алу, яғни арест алу жазасы білгіленеді. Ойланбай-ақ осы жазалардың бірін белгілесем болады, алайда оны зерттеп, ертең атыңа сын келмейтіндей шешім шығару керек. Міне, сол істің түйінін түйгелі отырмын.
Шырылдаған жұмыс телефонын хатшы Нұрбол Төрехан көтерді. Тағы бір сотталушы шешімнің көшірмесін алуға келіпті. Қол қойып хатшыдан беріп жіберді.
БАЙЛЫҒЫМ – СЕЙФТЕГІ ЖАЗБАЛАРЫМ
Мұнда редакциядағыдай аласапыран жүріс жоқ екен. Әркімөз жұмыс бөлмесінде қолдарындағы том-том іс қағаздарымен шұқшиып танысып отырғандары сол.
Бірінші саты сотына түскен талап арыздар мен арыздардың сот өндірісіне қабылдану мәселесін сол соттың судьялары заңға сәйкес шешіп, қабылданған жағдайда әрі қарай сол арыздың түпкілікті шешімін табуына өте көп жұмыс жасайды екен. Яғни, істі сотта қарауға әзірлік жұмыстарын жүргізеді, істі сот процесінде әділ, жан-жақты, толық қарау үшін үлкен еңбек жасайды. Оған уақыт, терең білім және кәсіби тәжірибе керек.
– Сот актілерінің бұзылуының орын алуына судья жүктемесінің кей кездері шамадан көп болып кетуі, асығыстықпен шешім қабылдау, кәсіби тәжірибенің аздығы себеп болуы мүмкін,- дейді бүгінгі кейіпкерім.
– Жалпы, мінсіз адам болмайды. Адам баласы сын арқылы түзеледі. Менiңше, сынның нақты дәйектерге негiзделгенi және орынды болғаны дұрыс. Сынды тыңдай біліп, одан өзіңе қажеттісін ала білу керек.Сот шығарған шешімдеріне заңнан хабары жоқ адамның сын айтуы да мүмкін. Мұндай сындар судьяның қызметінің мінді және мінсіз болуына баға бере алмайды. Қай іс те болмасын екі тараптың бірі шешімге көңілге толмайды. Сол риза емес тараптың бірнешеуі сын айтады деп ойласақ, бұл судьяның міні екенін білдірмейді. Ал, судьяның шығарған шешімдерінің заңдылығы және негізділігі заңда қаралған тәртіппен шағымдануға жатады. Сот шығарған шешім түпкілікті күшіне енгеннен кейін сын айтқан дұрыс деп есептеймін,- деді ағынан жарыла.
Қараған ісі бұзылмай күшінде қалса, судья үшін біткен тірлік екен. Момбек Сейтжаппарұлы орнынан тұрып үлкен сейфті ашты.
– Көп судьялар істерін осы сейфте сақтайды. Менде сейфте тек өзіме жақын, құнды қағаздарым тұрады,- деп кітап болып жиналған кітапшаны көрсетті. Бұл ҚР Жоғары сотының бюллетені екен.
Бұл бюллетень 1997 жылдан бастап шыға бастады. Мен оның әрбір санын жинауды 2000 жылдан бастадым. Менің қызметте ұстанар бағдар шамым осы десем болады.
Журналды жинау бар да, оған қолмен сілтеме жасап қою тағы бар. Журналдың әр санына жеке киіз кітапта сілтемелер жасалған. Қызыл, жасыл сызбалардың да өзіндік ерекшеліктері бар екен.
Осы сәтте бөлмені қағып кірген әріптесін көрген бетте Момбек киіз кітапқа қарады да, журналдың 2015 жылы шыққан бір санын қолына ұстатты да: «Мында тура сондай іске қатысты іс қаралған екен. Қарап шығарсың» деді. Әріптесі алғысын айтып шығып кетті.
ЖУРНАЛДЫҢ СЫРЫ МЫНАДА ЕКЕН
– Бұл жай журнал емес.Мұнда Жоғары сотқа түскен арыз шағымдар негізінде қорытындылар мен шолу жасалады. Бірінші сатыдағы соттардың бұзылған істері туралы жазылып, судьяның қай жерде қателікке бой ұрғаны анықталады. Тіршілікте барлық нәрсе қайталанып жатады. Дәл сондай, болмаса соған ұқсас істерді қарағанда ерінбей киіз кітапты қолға аламын. Ұзақ үңіліп, әділ шешім шығаруға, жаңылыспауға ұмтыламын.
Қылмыстық істер бойынша қаралған істерді қызылмен, азаматтық істерді жасылмен бояп қоямын. Журналдың әр санын күтіп отырамын. Келмей қалса поштаға хабарласып дегендей. Тіпті кейбір сандарының көшірмесін де жасатқанмын. Бұл осы саланың бағдар шамы ғойү Түсінген жанға бұл керемет дүние. Білікті судьялардың жылдар бойғы тәжірибесі. Біз сол жолмен жүруіміз керек,-деді Момбек сейфтегі дестеленген журналға қарап.
Сонда ғана әлгі қызылды жасылды боямалардың сырын түсіндім.
Шынында да бұл дайын «шпаргалка» емес пе?!
БАЙЛЫҒЫМ – БАЛАЛАРЫМ
Арасында екі сот процесіне барып келген Момбек біткен істерінің орнын ауыстырып жатты. Тағы да жұмыс телефоны шырылдады. Хатшы Нұрбол Астанадан ұлының хабарласып жатқанын айтты. Кешірім сұрап бір сәт баласының даусын естіп, сергіп қалды.
Бұдан бұрын да қалталы телефон ұстамайтынын білсем де, әлі сол ойынан айнымағанын көріп қайран қалдым.
– Телефон адамның көңілін бөледі. Уақытыңды ұрлайды. Кез келген уақытта хабарласқан адамға жауап қатпасаң ренжіп жатады. Оның үстіне үнемі байланыс аясында болғым келмейді,- деп қалжыңдап алды.
Әрине әр адамның қоршаған ортаға және өз-өзіне деген қарым-қатынасын бейнелейтін субъективті өмірлік ұстанымы болады. Менің ойымша, кісі әрдайым адал болып, адалдықты ұстанып, оны өмірлік ұстанымына айналдырса мәртебесі биік, тұлғасы өр болатыны анық. Өмірлік ұстанымы – Ұлы Абайдың сөздері «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге!» Ал, судья ретінде ұстанатын басты қағидасы – берген антына адал болу.
– Ата-анам қарапайым жандар. Адалдыққа, біреуге қиянат жасамауға, шыншылдыққа баулып өсірді. Өмірде қандай жетістікке қол жеткізсем, оны ата-анамның және жұбайымның арқасы деп білемін,- деген Момбек отбасындағы 5 ұл мен 1 қыздың үшіншісі екен.
Бұл салаға келуін былайша түсіндірді. Мектепте география пәнінен сабақ беретін ұстазы Өлмесхан Жәнібеков ағайы сабақ арасында балалардың болашақта кім болатындары туралы сырларымен бөліседі. Сол кезде ол кісіге прокурор болу ұнайды ма үнемі сабақты жақсы оқитын Момбекті мысалға алып: «Өскенде Бөген ауданының прокуроры Момбек Әмірбеков деп таныстырып жатса қандай керемет» деп балаларды қызықтырады екен. Бала көңіл емес пе, бәрі прокурор боламыз деп талпынған. Осы заң саласына оқуға түуіне де сол ұстазының әсері болғанын мойындады.
Оқуды бітіріп келгеннен кейін де көңілім сол салаға ауып тұрды. Нәсіп болмады ма, тіпті хатшылығына да алмады ғой. Қазір прокурор болмағаныма қуанамын,- дейді Момбек.
Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетін жұмыс істей жүріп сырттай оқып бітірген Момбек өз мамандығының адал иегері.
Ол өнегелі әке. Үлкен ұлы Бауыржан банкир. Президенттік стипендиямен оқуын Англияда бітірген Әйгерімі Халықаралық аудиторлық компанияда аудитор, Бақытжаны Сидней Университетінің түлегі, Назарбаев Университетінің магистратурасын бітіріп жатса, кенже ұлы Әділет әке жолымен Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетін бітіруде екен.
Иә, бүгінгі таңда Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде адамның заңды мүдделерін қорғайтын соттан басқа құрылым жоқ. Қазіргі таңда халық өз мәселелерін тек қана сот арқылы шешеді. Сотқа жүгініп, әділдік сұрайды. Сондықтан сотқа деген сенімділік басым, осыған қуанамыз.
– Менің әділдігімнің бағасын алдағы уақытта халық бере жатар. Себебі мен осы саланың есігінен еніп, соңғы баспалдақтарын басып отырсам да әлі де үйренерім мен білерім көп.Сондықтан әділ болу, әрбір жұмысқа жауапкершілікпен қарау – менің басты міндетім, азаматтық борышым. Біздің әрбір шешіміміз адам өмірінің тұтастай болашағына байланысты. Сол үшін күні-түні тынбай еңбектеніп, титтей болса да қателік жібермеуге тырысамын,- деп кезекті тағы бір ісін қолға алған Момбектің жұмысына табыс тілеп, кете бардым.
Айгүл МАМЫТ.