Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №54 жалпы орта білім беретін мектебінде жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, теріс діни ағымдардың алдын алу және жасөспірімдердің санасын жат идеологиядан қорғау мақсатында мазмұнды ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді. Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтық және діни сауаттылығын нығайту, зайырлы мемлекет қағидаттарын түсіндіру, ұлттық әрі рухани құндылықтарды дәріптеу және жастардың дұрыс дүниетаным қалыптастыруына ықпал ету болып табылады.
Кездесуге Дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ-нің теолог маманы Аманкелді Нұрдаулет Бахытұлы қатысып, «Зайырлы ел; дін бостандығы – заң үстемдігі» тақырыбында жан-жақты түсіндірме жұмысын жүргізді. Маман оқушыларға зайырлы қоғамдағы заң үстемдігінің мәнін, дін бостандығы мен жауапкершіліктің аражігін ашып көрсетіп, жастарды адастырушы ағымдар мен жалған түсініктерден сақ болуға шақырды. Түсіндіру барысында өмірлік мысалдар мен нақты уәждер келтіріліп, әрбір жасөспірімнің өз болашағына саналы қарауының маңызы атап өтілді.
Сонымен қатар мектеп директоры Э.К. Бекзатова және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г. Айтжанова кездесу барысында жастарға діни ақпаратты дұрыс саралау, күмәнді ақпарат көздерінен сақтану, интернет кеңістігіндегі теріс идеологиялық ықпалдарға қарсы тұру және сыни ойлау қабілетін қалыптастыру мәселелерін кеңінен түсіндірді. Педагогтер цифрлық ортадағы кез келген мәліметті тексермей қабылдауға болмайтынын айтып, оқушыларды білімге, рухани кемелдікке және өзара құрметке үндеді.
Іс-шара барысында жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейту, қоғамдағы татулық пен тұрақтылық құндылықтарын қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жат идеологияға тосқауыл қоюдың ең тиімді жолы – сапалы білім, айқын ұлттық құндылықтар және ақпаратты талдай алатын берік сыни көзқарас екені айқын сезілді.
Кездесу барысында оқушылар мамандар мен педагогтерге көкейкесті сұрақтарын қойып, ашық әрі мазмұнды пікір алмасуға мүмкіндік алды. Мұндай ашық диалог жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттырып, салт-дәстүр мен заңдылыққа құрметпен қарайтын белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға жол ашады.
Саналы ұрпақ – жарқын болашақ кепілі екендігін ұғынған оқушылар кездесуден нақты ой түйіп, өзекті сұрақтарға жауап алды. Шымкенттегі білім беру ұйымдарында өтетін осындай түсіндіру шаралары жастардың рухани тұтастығын сақтап, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қоса береді.




