Шымкент қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының мазмұнын байыту, озық педагогикалық тәжірибелерді кеңінен тарату және мектеп кеңістігін тиімді пайдалану мақсатында «Кітаптан – танымға, танымнан – тұлғалық дамуға» атты қалалық тәжірибелік семинар болып өтті. Маңызды ағартушылық шараға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарының директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары мен сала мамандары арнайы қатысты.
Ауқымды іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың кітап оқу белсенділігі мен оқырмандық мәдениетін арттыру арқылы олардың дүниетанымын кеңейту, тұлғалық оң қасиеттерін дамыту жолдарын тәжірибе жүзінде көрсету болып табылады. Сонымен бірге семинарда «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасы мен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының әлеуметтік жобаларын тәрбие үдерісіне тиімді енгізу, мектептің заманауи кеңістіктерін тәрбие хабы ретінде пайдаланудың жаңа мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды.
Тәжірибелік семинар екі мазмұнды бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде мектептің заманауи тәрбие кеңістіктері таныстырылып, «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы әлеуметтік жобалар мен мектепішілік бастамаларды жүзеге асырудың тиімді жолдары көрсетілді. Қатысушылар өзара пікір таластырып, тәжірибе алмасты, сондай-ақ тәрбие саласын дамытуға бағытталған тың идеялары мен шығармашылық бастамаларын ортаға салды.
Семинардың екінші бөлімінде қатысушылар кітап оқуды жүйелі насихаттау, мектеп оқушыларының оқырмандық мәдениетін қалыптастыру және кітап арқылы тұлғаны жан-жақты дамыту бағытындағы нәтижелі тәжірибелермен жақын танысты. Өткізілген шара барысында кітаптың адам өміріндегі орны, оның таным көкжиегін кеңейтудегі, интеллектуалдық дамудағы және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы зор маңызы кеңінен насихатталды. Мұндай қалалық деңгейдегі семинарлар жас ұрпаққа сапалы тәрбие берудегі ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға және мегаполис педагогтерінің кәсіби серпінін арттыруға мол мүмкіндік береді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар оқушыларды кітап оқуға ынталандырудың заманауи әдіс-тәсілдері мен цифрлық технологияларды тәрбие үдерісімен ұштастырудың тиімділігін жоғары бағалады. Сарапшылар мұндай практикалық кездесулердің мектептер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, тәрбие ісін жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал ететінін ерекше атап өтті.




