Шымкент қаласында «Рухани құндылықтар және патриоттық тәрбие» бағытын ақпараттық сүйемелдеу мен ұлттық мұраны ұлықтау мақсатында ауқымды мәдени-ағартушылық іс-шаралар артып келеді. Осы орайда, «Түнгі кітапхана» жобасы аясында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Эльмира Сәрсенбайқызының шығармашылығына арналған «Сырлы поэзия – руханият бастауы» атты салтанатты сыр-сұхбат кеші өтті.
Руханият пен өнерді тоғыстырған тағылымды кештің басты мақсаты – ақынның шығармашылық әлемін оқырман қауымға кеңінен таныстыру, поэзия мен ән өнерінің сабақтастығын дәріптеу, сондай-ақ жастардың бойында эстетикалық талғам мен әдебиетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру болып табылады. Оқырмандар мен өнерсүйер қауымның басын қосқан бұл іс-шара рухани байланысты нығайтудың айқын үлгісіне айналды.
Әдеби кештің шымылдығы автордың жүрекжарды өлеңдерінен дайындалған арнайы бейнероликпен ашылып, көрермен назарына ұсынылды. Поэзия мен әсем ән өрілген бағдарламада Эльмира Сәрсенбайқызының сөзіне жазылған «Сен сол күз бе?», «Серт» және «Сенің көзің» сияқты халық сүйіп тыңдайтын лирикалық шығармалар орындалып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері ақын өлеңдерінен әдеби композиция ұсынып, жастардың поэзияға деген құштарлығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Іс-шараның салтанатты ашылуында Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілетті өкілі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті жазушысы, тарихшы-шежіреші Момбек Әбдіәкімұлы сөз сөйлеп, ақын шығармашылығының көркемдік қуаты мен ұлттық әдебиеттегі орнына кеңінен тоқталды.
Кешке зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен БАҚ басшылары қатысты. Құрметті қонақтар қатарында «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директорының міндетін атқарушы Айдар Сайлауұлы Құлжанов, белгілі жазушы, драматург Захардин Қыстаубаев, ақын, Халықаралық «Физули» сыйлығының иегері Құрал Көмек және басқа да қаламгерлер бой көрсетті.
Кештің халықаралық әдеби байланысын айшықтай түскен сәт – бауырлас Қырғыз елінің ақыны Алтынбек Исмаилов пен танымал диктор Гүлхаир Масейтованың арнайы жолдаған бейнеқұттықтаулары болды. Алматы мен Түркістан қалаларынан арнайы келген қонақтар да ізгі лебіздерін білдіріп, кештің мазмұнын байыта түсті.
Сұхбат бөлімінде қатысушылар ақынға өлеңдерінің жазылу тарихы мен шығармашылық жолы туралы сұрақтар қойып, еркін пікір алмасты. Шара соңында кітапхана директорының орынбасары Асылзат Оспанқызы Арыстанова қорытынды сөз сөйлеп, кеш кейіпкеріне құрмет көрсетті. Ақын өз кезегінде кітапхана ұжымына алғысын білдіріп, естелік сыйлығын табыстады. Тағылымды кешті кітапхананың көрмелік-бұқаралық жұмыс секторының басшысы Айгерім Төребайқызы Алдабергенова жоғары деңгейде жүргізіп шықты.


