Күз бар өнімін ұсынар табиғаттың ғана емес, рухани қазынамыз бен шығармашылықтың да толысып, қорытындыланар шағы. Бүгін Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайының залында жергілікті ақын-жазушылардың жылдық еңбегін қорытындылаған, бір жылды түйіндеген жиыны өтті.
Былтыр Жастар ресурстық орталығының залында өтіп, жалауын желбіреткен дәстүрлі шара биыл да өз жалғасын тауып, ауқымын кеңейте түсті десек, артық айтқанымыз емес. Жиын Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қалалық филиалының бастамасымен, сондай-ақ облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті.
Салтанатты шараның беташарында сөз алған мәртебелі қонақтар қаламгерлер қауымын құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, Қазақстан Журналистер одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы, «Оңтүстік» телеарнасының директоры Саламат Омашев, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бас маманы Динара Серікқызы сахна төріне көтеріліп, қаланың мәдени-рухани өмірін жандандырып жүрген шығармашылық иелеріне алғыс айтып, игі тілектерін арнады.
Алтын күздің әдемі көркімен астасқан бұл жиын өлеңге сусындаған көрерменге ерекше рухани серпіліс сыйлады. Сахна төрінен төгілген сырлы жырлар мен мағыналы сөздер залдағы халықтың жүрегіне жылылық ұялатты. Жиын бойы аға буынның қалам қарымы дәріптеліп, әдебиет айдынына сүңгіген жас таланттардың да тың шығармалары таныстырылды. Талай жасқа шығармашылық рух берген жиын жиналған қауымға ерекше қуаныш сыйлады.
Шара барысында оқырманын сапалы туындысымен қуантып, қалам қуатымен дараланған біршама тұлғалар арнайы марапаттарға ие болды: «Үздік ақын» номинациясы жүрек қылын тербеткен поэзиясы үшін Құрал Көмекке, «Үздік жазушы» қаламгер Марғуба Мұқтарға табысталды. Ал «Үздік журналист» номинациясын әдебиет пен өнерді үздіксіз насихаттап, ел игілігіне қызмет етіп жүрген осы жолдардың авторы иеленді.
Бұдан бөлек, сөз өнерін көтеріп, сахнада жыр оқыған ақындар мен кітап пен оқырман арасындағы алтын көпірге айналған кітапханашылар қауымына да ерекше құрмет көрсетілді. Олар арнайы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Расында да оқушылар сарайында өткен бұл шара тек жылдық қорытындымен шектелмей, руханият жанашырларының басын қосқан үлкен мерекеге айналды.
Осы тұста айта кетейік, Шымкенттегі әдебиет пен өнердің тынысын кеңейтіп, шығармашылық өкілдерінің басын қосуда Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әбдіәкім Момбектің еңбегі орасан. Әдеби процесті жандандыруға жан-тәнімен берілген қарымды жазушының ұйымдастырушылық қабілеті мен ізденімпаздығының арқасында «Шымқаладағы күзгі жыр» осылай көп көңілінен шықты. Аға буын мен жас буынның арасында алтын көпір болып, қаламдастарға қамқорлық танытып жүрген филиал төрағасының бұл жанашырлығын жиналған қауым да ерекше ықыласпен атап өтті.
Қаламгерлер қауымы жаңа шабытпен, келесі жылға арналған үлкен жоспарлармен тарасты.





