Бүгін Шымкент қаласындағы Орталық саябақта өзбек этносының тілі, мәдениеті мен салт-дәстүріне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Қазақстан Республикасы өзбектерінің этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығы мен Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік шараға Қазақстан Халық кеңесі Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің төрағасы Марат Әзілханов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Шерзод Пулатов, Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Матчанов Раушанбек, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – өзбек халқының бай мәдени мұрасын, ұлттық өнері мен салт-дәстүрін дәріптеу, ана тілін насихаттау, сондай-ақ этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту.
Мерекелік шара қонақтарды карнай-сырнай әуенімен қарсы алудан басталды. Шымкент қалалық өзбек драма театры әртістерінің орындауындағы Абай Құнанбайұлы мен Әлішер Науаи бейнелерін сомдаған сахналық көрініс көрермендердің назарын аударды. Қонақтар ұлттық мәдениет пен қолөнерді танытатын көрмелерді тамашалады.
Салтанатты бөлімде құттықтау сөздер айтылып, қазақ және өзбек халықтарының достығы мен мәдени байланыстарын нығайтудың маңызы атап өтілді.
Мерекелік бағдарлама аясында қазақ және өзбек өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Ұлытау» биі, «Достық» және «Хоразм лазги» билері, домбырамен орындалған «Балбырауын» күйі, сондай-ақ қазақ және өзбек тілдеріндегі әндер ұлттық өнердің байлығын паш етті. Концерттік қойылымдар екі халықтың мәдени сабақтастығы мен рухани жақындығын айшықтады.
Шараның екінші бөлімінде Қазақстан Республикасы өзбектерінің этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Абдулла Исматуллаев пен Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаевтың құттықтау сөздері айтылып, бірқатар азаматқа марапаттар табысталды.
Мәдени шара барысында ұлттық мұраны сақтау мен оны жас ұрпаққа танытудың маңызы да айқын көрінді. Ана тілін құрметтеу, дәстүрді дәріптеу және өнерді дамыту – әрбір этностың өзіндік болмысын сақтауға мүмкіндік беретін маңызды құндылықтар. Осындай басқосулар жастардың өзге халықтардың мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Шымкент – түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етіп келе жатқан қала. Мұнда ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралар халықтардың рухани жақындығын танытып қана қоймай, қоғамдық келісімнің маңызын да кеңінен насихаттайды.
Мұндай мәдени басқосулар этностардың тілі мен дәстүрін сақтауға, ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге, халықтар арасындағы достықты нығайтуға және еліміздегі қоғамдық келісім мен бірлікті одан әрі дамытуға ықпал етеді.





