Қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты, этносаралық татулықты нығайту және өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта Шымкент қаласында рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге және аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге арналған ауқымды іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Сондай тағылымды жиындардың бірі – 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай өтті.
Шымкент қалалық Достық үйінде Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ мен қаладағы этномәдени бірлестіктер төрағаларының бірлесе ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтті. Шараның басты мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісім мен достықты сақтауға, қаланың өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету.
Салтанатты шара барысында ұзақ жылдар бойы қоғамдық-саяси және этномәдени бағытта табанды қызмет атқарған Ақбердиева Сайма Нәжіпқызы мен Бахман Иосиф Владимировичке ерекше құрмет көрсетілді. Сайма Нәжіпқызы мемлекеттік қызметте, кейіннен Оңтүстік Қазақстан облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы ретінде этносаралық татулықты сақтауға зор үлес қосса, Иосиф Владимирович «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігін басқарып, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді жаңғыртуға белсене атсалысты. Қоғамдағы бірлікті ту еткен ардагерлерге Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Азамат Пармановтың атынан Алғыс хаттар, гүл шоқтары мен арнайы мерекелік сый-сияпаттар табысталды.
Сонымен қатар, бұл мерекелік күн «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген атпен №18, №19, №20 және №23 кітапхана бөлімшелері мен Шапырашты мәдениет үйінің бірлесуімен өрбіген тағылымды кездесу кешімен жалғасты. Кеш аясында «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапхана қызметкері Алиева Лаззат оқырмандарды аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесі туралы әдебиеттермен таныстырды.
Жиында кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері үлкенді сыйлау, отансүйгіштік тақырыбындағы өлеңдерді жатқа оқып, әсем әндер мен күмбірлеген күйден шашу шашты. Шараға қатысқан Қаратау ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы Ахметбаев Аманбек Молдабекұлы елге еңбегі сіңген қарияларға марапаттар табыстады. Кеш соңында ақсақалдарымыз ақ батасын беріп, қоғамдағы ынтымақ пен бейбітшілікке ізгі тілектерін білдірді. Аға буынның өмір жолы – бүгінгі жастар үшін патриоттық тәрбиенің толайым мектебі.


