Шымкент қаласында Халықаралық қарттар күніне орай өңірдегі аға буын өкілдерінің басын қосқан ауқымды әрі тағылымды спорттық турнир өтті. Қаланың бес ауданынан жиналған ардагерлерді біріктірген бұл дәстүрлі сайыс биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Мерекелік шараға 60-тан астам ардагер қатысып, өздерінің мергендігі мен тапқырлығын, спортқа деген ерекше сүйіспеншілігін көрсетті.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қалалық ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына оң баға беріп, аға буын өкілдеріне әрдайым айрықша құрмет пен қамқорлық көрсету мемлекет пен қоғамның басты міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті.
Қаламыздың ардагерлері тек демалыста отырмай, қоғамдық өмірге де өте белсене араласады. Олар өскелең жас ұрпаққа денсаулықты бағалаудың, уақытты тиімді пайдаланудың, бір-біріне бауырластық пен қолдау көрсетудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Аға буын өкілдері еліміз пен сүйікті қаламыздың әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына зор үлес қосып қана қоймай, бұқаралық спортты жандандыру мен салауатты өмір салтын насихаттау іс-шараларына да әрдайым алдыңғы қатарда қатысып жүр.
Сайыс бағдарламасына спорттың танымал бес түрі енгізілген. Олар: бильярд, үстел теннисі, шахмат, дойбы және волейбол. Әрбір қатысушы алдымен өз ауданында тартысты іріктеу кезеңінен өтіп, ең үздік деп танылғандары қалалық финалдық кезеңде бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Жарыстарды жоғары деңгейде өткізу үшін қалада заманауи жабдықталған арнайы спорт залдары әзірленді. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға арнайы медалдар, кубоктар мен құрмет грамоталары салтанатты түрде табысталады.
Дегенмен, ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнирдің басты мәні жүлделі орындар мен медалдар үшін күреспен ғана шектелмейді.
– Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – ардагерлеріміз арасында спортпен тұрақты шұғылдануды насихаттау, олардың қоғамдық белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайту. Ең бастысы – соңғы нәтиже емес, спортқа деген қызығушылық пен өмірге деген құштарлық. Бұл – аға буын өкілдерінің жиі жүздесіп, рухани пікір алысып, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласуына арналған үлкен алаң, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев.
Оның айтуынша, бұл сайыс жылдар өте келе әртүрлі аудандарда тұратын, бірақ рухани жақындығы мен ортақ қызығушылықтары бар ардагерлерді біріктіретін қайырлы дәстүрге айналған. Ардагерлеріміздің бойындағы қажымас жігер мен отансүйгіштік қасиет өскелең жастарға берілетін ең үлкен рухани тәрбие мен өнеге болып табылады.


