Шымкент қаласы Тұран ауданы Хамза шағын ауданында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесудің басты мақсаты – тұрғындарға қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың маңызын түсіндіру, елдегі татулық пен өзара құрмет қағидаттарын кеңінен насихаттау. Қоғамдық келісімнің беріктігі әр азаматтың жауапкершілігі мен ортақ құндылықтарға деген құрметінен қалыптасатыны атап өтілді.
Іс-шараға ауыл ақсақалдары, ауыл билері, тұрғындар және сала мамандары қатысты.
Атап айтқанда, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Н.Әбдікәрім, Тұран ауданы әкімі аппаратының қызметкері Р.Досан «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Н.Аманкелді, жергілікті имамдар, Д.Қаратаев, М.Садық, ақсақалдар С.Дауренбеков қатысты.
Жиында қоғамдағы өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыруда аға буынның тәрбиелік рөліне де назар аударылды. Ақсақалдар мен ауыл билері жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, кейінгі буынды елжандылыққа, үлкенді құрметтеуге және қоғамдық ортада жауапкершілікпен әрекет етуге тәрбиелеудің маңызын атап өтті.
Кездесу барысында қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық татулықты нығайту, жастар тәрбиесі, діни сауаттылықты арттыру, Отан алдындағы әскери борышты өтеу, қолданыстағы заңдылықтарды сақтау, және қоғамдағы патриотизмді көтеру мәселелері баяндалды.
Сонымен қатар діни мәселелерге қатысты ақпаратты сенімді дереккөздерден алудың, заң талаптарын сақтаудың және кез келген күмәнді ақпаратқа сын тұрғысынан қараудың қажеттілігі айтылды. Мамандар жастардың діни сауаттылығын арттыру қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі екенін түсіндірді.
Іс-шара барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандарға сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Ашық форматта өткен кездесуде қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтау, отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру сияқты мәселелер де қозғалды.
Жиынға қатысушылар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы түсіндіру жұмыстарының маңызын атап өтіп, ел ішіндегі татулықты сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтты.




