Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Келес ауданында «Күзгі тазалық – бірге!» атты ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылды. Тазалық шарасына Келес ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Мырзамұратов қатысып, аудан тұрғындарын игі бастамаға белсенді атсалысуға шақырды. Аудан көлемінде өткен акцияға 3 мыңға тарта адам мен 15 техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында елді мекендердегі көшелер мен аулалар, саябақтар мен скверлер, әлеуметтік нысандардың аумақтары және басқа да бекітілген аумақтар тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы – баршамызға ортақ іс. Туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне әрбір тұрғын өз үлесін қосуы қажет. Таза орта – сапалы өмірдің кепілі. Сондықтан тазалықты күнделікті өмір салтымызға айналдыруымыз керек, — деді Мақсат Мырзамұратов. Ауқымды экологиялық шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары, жастар мен еріктілер белсенді қатысып, таза әрі көрікті Келесті қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
#ТазаҚазақстан




