




Отбасы – адамға өмірдің алғашқы сабағын беретін, мейірім мен жауапкершілікті қатар үйрететін қасиетті орта. Осы құндылықтарды жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Шымкент қаласындағы Жол-көлік колледжінде Отбасы күніне орай «Отбасы – бақыттың бастауы» атты тағылымды іс-шара өтті.
Жиынға «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов, Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Баян Жандосова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Абдезов, сондай-ақ колледж ұстаздары мен студенттер қатысты.
Кездесуде отбасының қоғамдағы орны, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, жастардың отбасылық өмірге дайындығы және ұлттық құндылықтардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы сөз болды.
Жиын барысында Ербол Байқонысов қатысушыларды Отбасы күнімен құттықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеуге үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа алғыс хат табыстады.
«Отбасы – адамның өміріндегі ең үлкен құндылықтардың бірі. Жастарға отбасының қадірін түсіндіру – баршамызға ортақ міндет. Өйткені бүгінгі студент – ертеңгі ата-ана, ал оның отбасындағы ұстанымы келесі ұрпақтың тәрбиесіне әсер етеді. Сондықтан мұндай кездесулер жастармен ашық сөйлесіп, отбасы құндылықтарының мәнін бірге талқылауға мүмкіндік береді», – деді Ербол Байқонысов.
Өз кезегінде Баян Жандосова қоғамдағы отбасының орнына тоқталып, әсіресе көпбалалы аналардың ел өміріндегі еңбегіне назар аударды.
«Бала тәрбиесіне уақытын арнап, бірнеше ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосып отырған аналардың еңбегін бағалау – қоғам үшін маңызды. Ресми дерек бойынша, Шымкент қаласында 58 мың көпбалалы ана бар екен. Соның 10 мыңы – «Күміс алқа», 4 мыңы – «Алтын алқа» иегері. Отбасының ұйып кемелденуіне осындай аналардың қосатын үлесі теңдесіз деп айтар едім», – деді Баян Жандосова.
Бұл көрсеткіштің өзі қаладағы отбасы институтының әлеуметтік маңызын аңғартады. Көпбалалы аналар – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның демографиялық және тәрбиелік әлеуетіне үлес қосып отырған жандар. Сондықтан оларды қолдау, олардың әлеуметтік мәселелеріне назар аудару және қоғамдағы беделін арттыру – отбасы саясатының маңызды бағыттарының бірі.






