Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Шымкент спортшылары жарқын жеңіске қол жеткізді. Адия Жанахмет күміс жүлдеге ие болса, Тоғжан Төлебай аралас командалық бәсекеде Қазақстан құрамасымен бірге әлем чемпионы атанды.
Жас спортшыларды бүгін Шымкент әуежайынан ата-аналары, спорт мектебінің өкілдері, бапкерлері мен жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.
Әлемдік додада 40 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Адия Жанахмет финалға дейінгі белдесулерінде шеберлігі мен қайсарлығын танытып, жарыстың күміс жүлдесін еншіледі. Бұл – жас дзюдошының әлем чемпионатындағы алғашқы медалі.
Ал, Тоғжан Төлебай 63 келіден жоғары салмақтағы аралас командалық бәсекеде Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, әлем чемпионатының алтын жүлдесіне қол жеткізді.
Осылайша Шымкенттің қос спортшысы халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан дзюдосының беделін арттырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қарсы алу рәсімінде қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Алдабергенов жас спортшыларды тарихи жетістіктерімен құттықтады.
– Шымкентте дзюдодан дарынды жастардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Адия мен Тоғжан – соның жарқын дәлелі. Біз жас балуандардан алдағы уақытта да биік нәтижелер күтеміз. Осындай спортшыларды тәрбиелеп отырған ата-аналары мен бапкерлеріне алғысымызды білдіреміз, – деді Бауыржан Алдабергенов.
Қалалық №10 спорт мектебінің басшысы Нұржан Рыскиев те спортшыларды жеңістерімен құттықтап, олардың алдағы жарыстарда бұдан да жоғары белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
Мамандардың айтуынша, жас дзюдошылардың әлем чемпионатындағы бұл жетістігі – Шымкенттегі дзюдо мектебінің жүйелі жұмысының нәтижесі. Ендігі мақсат – халықаралық додаларда жеңісті жолды жалғастырып, әлем чемпионаттарының биік тұғырынан көріну.


