Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті шетелдік кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып отыр. Бүгін Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында Қытайдан келген инвесторлармен өңірде биотехнологиялық өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу және дайын өнімді халықаралық нарыққа шығару бағыттары талқыланды.
Кездесуге Таншань сыртқы сауда кәсіпорындары қауымдастығының және Таншань шекарааралық электрондық коммерция қауымдастығының вице-президенті Жао Сюэдун бастаған қытайлық кәсіпкерлер қатысты. Шетелдік тарап Қазақстанда заманауи биотехнологиялық өндірістерді дамытып, Қытайдың жоғары технологияларын жергілікті өндіріс саласына енгізуге мүдделі екенін жеткізді.
Тараптар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті шикізат базасын қалыптастыру, білікті мамандар тарту, өндірілген өнімді Қытай, Ресей және Орталық Азия нарықтарына шығару, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыстар орнату мәселелерін қарастырды.
Қытайлық инвесторлардың Түркістандағы негізгі жобаларының бірі – Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан «Huating Biotechnology Co., LTD.» компаниясының өндірісі. Жобаға 9 млрд теңге инвестиция салынып, кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 5 мың тонна өнімге жоспарланған. Зауытта ірі қара мал сүйектерін терең өңдеу арқылы пептон мен желатин қоспаларын, сондай-ақ ғылыми-технологиялық әзірлемелер негізінде қаннан плазмалық ақуыз ұнтағын өндіру көзделген. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Инвесторлардың айтуынша, жобаның алғашқы кезеңіне 30 млн юань бағытталып, алдағы бес жыл ішінде бірнеше өндірістік бағытты қамтитын жалпы инвестиция көлемін 210 млн юаньға дейін жеткізу жоспарлануда. Өндірістің келесі кезеңдерінде гемоглобин ұнтағы мен плазмалық ақуыз ұнтағын шығару көзделген.
Кездесу барысында инвесторлар Қазақстанда өздерінің технологиялық әзірлемелері мен өнімдерін патенттеу және тауар белгісін тіркеу, сондай-ақ өндіріс үшін қажетті шикізат пен кадр мәселелерін шешуге қолдау көрсету қажеттігін айтты.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев өңірге инвестиция тартумен қатар, инвесторларға жобаны іске асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті.
«Бүгінде Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар. Әсіресе ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған өндірістердің маңызы ерекше. Біз үшін инвестордың өңірге келуімен ғана емес, жобаның толық қуатында жұмыс істеуімен, жаңа жұмыс орындарының ашылуымен және өнімнің экспортқа шығуымен нәтижеленуі маңызды. Осы бағытта Кәсіпкерлер палатасы инвесторларға қажетті сүйемелдеуді көрсетуге дайын», – деді Асылан Ибадуллаев.
Ал Салалық даму және инвестициялық сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлназ Есетова қытайлық инвесторлардың жобалары өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Қытайлық кәсіпкерлердің Түркістан облысына қызығушылығы – өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл жобаларда заманауи технологиялармен қатар, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Сондықтан біз инвесторларға қажетті шикізат көздерін анықтау, кадр мәселесін шешу, зияткерлік меншікті қорғау және өнімді жаңа нарықтарға шығаруға байланысты мәселелер бойынша тиісті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Гүлназ Есетова.
Жалпы, қытайлық инвесторлардың Түркістан облысына келуі өңірде жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және экспорттық әлеуетті арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар Қытайдың озық биотехнологиялық тәжірибесін жергілікті өндірістерге енгізуге жол ашады.






