
Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесімен бірлескен отырыс өтті. Жиында стоматологиялық қызмет көрсететін кәсіпкерлердің әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі төлемдер мен мониторинг нәтижелеріне байланысты көтерген мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «Қайнар Дент» ЖШС мен «Медикал центр» ЖШС-не қатысты мониторинг нәтижелері және көрсетілген медициналық қызметтер үшін төленген қаражатты толық көлемде ұстап қалу мәселесі болды.
Түркістан облысы бойынша 131 стоматологиялық клиника жұмыс істейді. Палатаға түскен өтініштерге сәйкес, аталған мәселе жекелеген кәсіпкерге ғана қатысты емес, саладағы басқа да медициналық ұйымдарға әсер етуі мүмкін жүйелі сипатқа ие.
Мониторинг барысында «Қайнар Дент» ЖШС бойынша 1 913 қызмет көрсету жағдайына, ал «Медикал центр» ЖШС бойынша 2 533 жағдайға 3.2 ақау коды қолданылған. Нәтижесінде тиісінше 24,1 млн теңге және 31,6 млн теңге көлеміндегі қаражатты 100 пайыз ұстап қалу мәселесі туындаған.
Кәсіпкерлердің айтуынша, пациенттердің медициналық ұйымдарға нақты келгені және ем алғаны дау туғызбайды. Алайда қызметтердің құнын «қымбат» деп бағалау кезінде нақты клиникалық жағдай, тіс формуласы, тістің уақытша немесе тұрақты болуы, диагноз, қолданылған материалдар және балама қызметтің тарифтік құны толық ескерілмеген.
Әсіресе балалар стоматологиясына қатысты мәселе өзекті. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, 7–9 жастағы балаларда сүт тістерінің болуы қалыпты жағдай. Сондықтан баланың мектеп оқушысы болуы уақытша тістерді емдеуге қажеттілікті жоққа шығармайды.
Кеңес барысында кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында мониторинг нәтижелерін қайта қарау қажеттігі айтылды. Атап айтқанда, қызмет іс жүзінде көрсетілген жағдайда техникалық сипаттағы кодтау қатесі үшін 100 пайыз қаражат ұстап қалудың орнына, тиісті құқықтық бағаны қолдану ұсынылды.
«Кәсіпкердің нақты көрсеткен қызметі мен жұмсаған шығыны ескерілмей, қаражатты толық көлемде ұстап қалу – бизнеске айтарлықтай қаржылық салмақ түсіреді. Біздің міндетіміз – кәсіпкердің құқығын қорғау ғана емес, мемлекеттік және медициналық ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынаста әділдік пен мөлшерлестік қағидаттарының сақталуына ықпал ету. Егер қызмет нақты көрсетілген болса, мәселені жан-жақты қарап, әр жағдайға объективті баға берілуі тиіс», – деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова.
Кеңес қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген мәселелерді тиісті органдармен бірлесіп зерделеу және мониторинг нәтижелерінің негізділігін қайта қарау бағытында жұмыс жүргізу туралы ұсыныстар берілді. Палата бұл мәселені әрі қарай да бақылауда ұстап, кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша тиісті шараларды қабылдайды.






