Қазақстан Республикасында өтіп жатқан саяси реформалар мен мемлекеттік институцияларды жаңғырту жолында қоғамның әрбір өкілінің белсенділік танытуы — ел болашағының берік кепілі. Қоғамдық-саяси науқандар кезінде азаматтық ұстанымды білдіріп, саяси процесстерге белсене араласу — әрбір отансүйгіш азаматтың басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, Шымкент қаласында өткен маңызды саяси оқиғалар аясында жергілікті этномәдини бірлестіктердің өкілдері ерекше ұйымшылдық пен жоғары азаматтық жауапкершілік танытты.
Атап айтқанда, Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігінің белсенділері №169 сайлау учаскесіне арнайы барып, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланды. Бірлестік мүшелері саяси науқанға біркісідей қатысып, елдегі халық өкілдігінің жоғарғы органы — Құрылтай депутаттарын сайлау процесінде өздерінің азаматтық таңдауын жасады.
Бұл күннің тағы бір ғибратты да әсерлі сәті — ұрпақтар сабақтастығы мен аға буынға деген ерекше құрметтің көрсетілуі болды. Сайлау учаскесінде славян этномәдени бірлестігінің ең жасы үлкен мүшесі, тыл ардагеріне арнайы құрмет көрсетіліп, оған естелік сыйлық табыс етілді. Соғыс пен бейбіт күннің ыстық-суығын көрген, елдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлердің саяси белсенділік танытып, жастарға үлгі болуы — отансүйгіштік пен патриоттық тәрбиенің нақты көрінісі.
Қазақстан — жүзден астам этностың басын біріктіріп, достық пен өара сыйластық тұғырын бекемдеген мекен. Мұндай ауқымды саяси шараларда славян этномәдени бірлестігі сияқты қоғамдық ұйымдардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың мызғымас діңгек екенін тағы бір мәрте айғақтады. Түрлі этнос өкілдерінің ортақ мақсат жолында бас қосуы мемлекетіміздің бейбітшілік саясатын айшықтай түседі.
Сайлау үдерісіне қатысқан бірлестік белсенділері елде жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың нығаюын жоғары бағалады. Олардың айтуынша, әрбір азаматтың берген дауысы — елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, әділдік пен ынтымақтастық қағидаттарының салтанат құруына қосылған қомақты үлес.
Түйіндей айтқанда, №169 сайлау учаскесінде орын алған бұл оқиға — Шымкент мегаполисіндегі этносаралық татулықтың, аға буынға деген ізет пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің айқын мысалы болды. Бұл сияқты бастамалар қоғамдағы бірлік пен достық құндылықтарын одан әрі нығайта бермек.





