Шымкент қаласында тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, деструктивті діни идеологиялардың алдын алу және азаматтарды жат діни ағымдардың ықпалынан қорғау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараны «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-сі мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырды.
Түсіндіру жұмыстары «Жат діни ағымдардан қорғану және алдын алу тәсілдері және кереғар діни идеологиялардың ықпалынан сақтау» тақырыбына арналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – халыққа діни мәселелер бойынша дұрыс әрі сенімді ақпарат беру, деструктивті діни идеологиялардың таралуына жол бермеу және олардың алдын алу жолдарын түсіндіру.
Кездесу барысында тұрғындарға қазіргі қоғамдағы діни сауаттылықтың маңызы жөнінде ақпарат берілді. Мамандар азаматтарды діни мазмұндағы ақпараттарды қабылдау кезінде мұқият болуға, белгісіз әрі күмәнді дереккөздерге сенбеуге және дін мәселелеріне қатысты мәліметтерді ресми әрі сенімді ақпарат көздерінен алуға шақырды.
Түсіндіру жұмыстары барысында теріс діни ағымдардың адамға, отбасына және қоғамға тигізуі мүмкін кері әсері туралы кеңінен түсініктеме берілді. Деструктивті діни идеологиялардың ықпалы адамның қалыпты әлеуметтік байланыстарына кері әсер етіп, қоғамдағы өзара түсіністік пен тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін екені атап өтілді. Осыған байланысты алдын алу және ақпараттық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығы айтылды.
Сонымен қатар жастардың діни ақпаратты қабылдау ерекшеліктеріне де назар аударылды. Интернет пен әлеуметтік желілердің кең таралуына байланысты діни мазмұндағы түрлі ақпараттардың жылдам таралатыны, сондықтан оның мазмұны мен шығу тегін саралай білу қажеттігі түсіндірілді. Жастарды сыни ойлауға, кез келген ақпаратқа байыппен қарауға және күмәнді діни насихатқа ермеуге шақырған ұсыныстар берілді.
Іс-шара барысында тұрғындарға діни ақпараттық парақшалар таратылды. Ақпараттық материалдарда теріс діни ағымдардың қауіптілігі, деструктивті идеологиялардың негізгі белгілері және олардан сақтану жолдары туралы қажетті мәліметтер қамтылды. Сонымен бірге жадынамалық парақшалар тарқатылып, тұрғындарға алдын алу сипатындағы нақты кеңестер ұсынылды.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ашық форматта жүргізіліп, тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын мамандарға қойып, жауаптар алды. Қатысушылар діни сауаттылықты арттыру, күмәнді ақпараттан сақтану және деструктивті идеологиялардың алдын алу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Мамандардың айтуынша, діни сауатты қоғам қалыптастыру – қоғамдық тұрақтылық пен келісімді сақтаудың маңызды бағыттарының бірі. Азаматтардың дін саласындағы білімін арттыру, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру және халыққа сенімді ақпарат жеткізу арқылы теріс идеологиялық ықпалдардың алдын алуға болады.
Іс-шара соңында тұрғындарға діни мәселелер бойынша ақпаратты тексерілген дереккөздерден алудың, заң талаптарын сақтаудың және қоғамдағы өзара құрмет пен келісім құндылықтарын нығайтудың маңыздылығы түсіндірілді. Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.






