Шымкент қалалық Достық үйінде «Аналар кеңесінің жаңа Конституцияның негізгі бағыттары» тақырыбында мазмұнды талқылау алаңы өтті. Іс-шараға Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері қатысып, Жаңа Конституцияның қоғамдағы орны, отбасы институтын нығайтудағы рөлі және өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Жиынды Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Сүгірбаева ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде Жаңа Конституцияның басты құндылықтары – заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту қағидаттары әрбір отбасының өмірінен бастау алатынын атап өтті. Сондай-ақ аналардың қоғамдағы тәрбиелік рөлі мен жас ұрпаққа құқықтық мәдениетті сіңірудегі жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
Талқылау барысында алғашқы баяндаманы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің өкілі Гүлнар Жанысбекова жасап, «Жаңа Конституция және отбасы құндылықтары: ана мен баланы қорғаудың құқықтық негіздері» тақырыбында сөз сөйледі. Баяндамашы Конституцияда отбасы, ана мен баланы қорғауға қатысты бекітілген құқықтық кепілдіктерге тоқталып, олардың қоғамның тұрақты дамуы мен ұлт болашағы үшін маңызын жан-жақты түсіндірді.
Келесі кезекте Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің директоры Гүлназ Абильдаева «Жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығы: Конституция қағидаларын отбасында дәріптеу» тақырыбында баяндама жасап, құқықтық тәрбиенің ең алдымен отбасынан басталатынын айтты. Ол балалардың заңға құрметпен қарауын қалыптастыруда ата-ананың, мектеп пен қоғамның өзара бірлескен жұмысының маңыздылығын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар қалалық «Art school 2020» ЖШС директоры Нилуфар Сайдуллаева «Жаңа Ата Заң және жастар саясаты: жаңа мүмкіндіктер мен жауапкершілік» тақырыбында баяндама жасап, Жаңа Конституция аясында жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңейгеніне тоқталды. Ол жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, азаматтық жауапкершілікті сезінуі және елдің дамуына өз үлесін қосуы – Жаңа Конституцияның басты мақсаттарының бірі екенін атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар Конституцияның негізгі қағидаларын кеңінен насихаттау, құқықтық мәдениетті арттыру, отбасы институтын нығайту және жастардың азаматтық белсенділігін дамыту бағытында өзара пікір алмасты. Сондай-ақ Аналар кеңесінің қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қосып келе жатқан үлесі ерекше атап өтілді.
Кездесу ашық пікірталас форматында өтіп, қатысушылар өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.





