Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ-і жанындағы Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы «Жаңа Конституция және азаматтық қоғам: ақсақалдардың рөлі» тақырыбында өтті. Жиынның негізгі мақсаты – Жаңа Конституция аясында қалыптасып жатқан қоғамдық үдерістерге ақсақалдардың белсенді қатысуын арттыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтаудағы аға буынның жауапкершілігін талқылау.
Кеңес отырысын Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде қоғамдағы татулық пен келісімді сақтауда, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруде ақсақалдардың орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар жаңа конституциялық реформалардың жүзеге асуына азаматтық қоғам институттарының белсенді қатысуы маңызды екенін жеткізді.
Жиында мемлекет және қоғам қайраткері, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Досыбай Шерімқұлов мазмұнды баяндама жасап, Жаңа Конституцияның ел дамуы үшін стратегиялық маңызын кеңінен тарқатты. Ол Конституцияның тек құқықтық құжат қана емес, қоғамның тұтастығы мен мемлекет тұрақтылығының берік іргетасы екенін атап өтті.
– Жаңа Конституция – еліміздің әділетті, тұрақты әрі дамыған қоғам құруға бағытталған басты құқықтық құжаты. Оның қағидаттарын қоғамда кеңінен дәріптеу, азаматтық жауапкершілікті арттыру және ел бірлігін нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағытта ақсақалдар жастарға өнеге көрсетіп, ұлттық құндылықтарды насихаттау мен ұрпақтар сабақтастығын сақтауда әрдайым алдыңғы қатарда болуы қажет, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлов.
Кездесу барысында кеңес мүшелері Конституцияның қоғам өміріндегі орны, азаматтық жауапкершілікті арттыру, қоғамдық келісімді нығайту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы өзара пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар аға буынның қоғамдық өмірдегі белсенділігі жастар тәрбиесіне оң ықпал ететінін атап өтті.
Ақсақалдардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі жас ұрпаққа елжандылық, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу және қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Осы ретте ұлттық салт-дәстүрді сақтау мен заман талабына сай азаматтық ұстанымды қалыптастырудың өзара сабақтастығы сөз болды.
Сонымен қатар қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуда әр азаматтың жауапкершілігіне назар аударылды. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін өзара құрмет, түсіністік және ортақ құндылықтарға адалдық қажет екені айтылды. Ақсақалдар кеңесі мүшелері осы бағыттағы түсіндіру және тәрбиелік жұмыстарды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.
Шара соңында қатысушылар елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау, азаматтық қоғамның әлеуетін арттыру және Жаңа Конституцияның құндылықтарын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.





