Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Жаңа Конституция – әділетті қоғамның іргетасы» тақырыбында «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістердің мәні мен маңызын түсіндіру, азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайту, заң үстемдігі қағидатын дәріптеу және қоғамдағы бірлік пен келісім құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Іс-шараға этносаралық мәдени орталықтың мүшелері, белсенді азаматтар мен қоғамдық орта өкілдері қатысып, еліміздегі конституциялық өзгерістердің қоғам өміріне ықпалы жөнінде пікір алмасты. Кездесу барысында Ата Заңның мемлекет пен қоғам дамуындағы орны, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және қоғамдық келісімді сақтау мәселелеріне назар аударылды.
Кездесуді Шымкент қаласының «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығының төрайымы Гаухар Төлепова жүргізді. Өз сөзінде ол Конституцияға енгізілген өзгерістердің елімізде әділетті қоғам қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
«Конституция – мемлекетіміздің басты құндылықтарын айқындайтын негізгі заң ғана емес, елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімінің берік негізі. Жаңа конституциялық реформалар азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға жол ашты. Әрбір азамат Конституцияның мәнін терең түсініп, оның талаптарын құрметтеген жағдайда ғана біз бірлігі бекем, болашағы жарқын мемлекет құра аламыз», – деді Гаухар Уәлиханқызы.
Кездесу барысында Конституцияның қоғам өміріндегі орны мен азаматтардың құқықтық санасын қалыптастырудағы маңызы кеңінен талқыланды. Қатысушылардың пікірінше, құқықтық мемлекет құрудың маңызды шарттарының бірі – заң талаптарын сақтау және әр азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білуі. Бұл өз кезегінде қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін арттырып, азаматтардың мемлекет институттарына деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызы мен олардың қоғамның жаңғыру үдерісіндегі рөлі сөз болды. Қатысушылар әділеттілік, теңдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарының қоғамдық өмірде орнығуы елдің тұрақты дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Әділетті қоғам қалыптастыру – мемлекеттік институттардың ғана емес, әрбір азаматтың белсенді ұстанымы мен күнделікті жауапкершілігіне байланысты екені айтылды.
Жиында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтаудағы ортақ жауапкершілік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстандағы әртүрлі этнос өкілдерінің бір елдің азаматы ретінде ортақ құндылықтар төңірегіне топтасуы – қоғамдық тұрақтылықтың маңызды негізі. Өзара құрмет, достық, түсіністік пен ынтымақты сақтау арқылы ғана ел бірлігін одан әрі нығайтуға болады.
«Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығының мұндай қоғамдық маңызы бар кездесулерге белсенді қатысуы азаматтардың құқықтық және қоғамдық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді. Әртүрлі орта өкілдерінің пікір алмасуы өзекті мәселелерді талқылауға, ортақ ұстаным қалыптастыруға және қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеуге ықпал етеді.
Кездесу соңында қатысушылар Конституцияның негізгі қағидаттарын халық арасында кеңінен түсіндіру, құқықтық мәдениетті арттыру, заң үстемдігін нығайту және қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Ата Заңды құрметтеу мен оның құндылықтарын күнделікті өмірде ұстану – әділетті, жауапты әрі бірлігі бекем қоғам қалыптастырудың маңызды негізі.





