Түркістан облысының дін істері басқармасы облыс аумағындағы дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган ретінде әлеуметтік желідегі «Дүмше молда дін бұзар!» атты жарияланымына байланысты қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (1 бап).
Сонымен қатар, Дін мемлекеттен бөлек. Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады (7 бап).
Сондай-ақ, адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс (15 бап).
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес діни рәсімдер, ғұрыптар мен жоралар заңнамада белгіленген тәртіппен және осы мақсатқа арналған орындарда жүзеге асырылады. Сонымен қатар, діни қызметті ұйымдастыру және өткізу кезінде қоғамдық тәртіп, өзге азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері сақталуы қажет.
Зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, құқық бұзушылық белгілері орын алды деп есептелген жағдайда, қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес тиісті жауапкершілікке тартылатын болады.
Діни мәселелеріне қатысты пікір білдіру барысында өзара құрмет, толеранттылық және заң талаптарын сақтау маңызды. Әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлер олардың авторларының жеке көзқарасын білдіреді және мемлекеттік органдардың ресми ұстанымы болып табылмайды.
Осыған орай, аталған мәселе бойынша қоғамда теріс пікір қалыптасуына жол бермеуге шақырамыз.
Түркістан облысының дін істері басқармасы.





