


Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасында өңір кәсіпкерлеріне арналған семинар-кеңес өтті. Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті және Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған жиында салық заңнамасындағы өзгерістер, кәсіпкерлік қызметке қатысты санитариялық қауіпсіздік талаптары және бизнесті цифрландырудың жаңа мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді.
Семинарды Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі директордың орынбасары Ербол Әуелбеков жүргізді.
Жиында алғашқы болып сөз алған Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары 2026 жылдан қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексінің негізгі жаңашылдықтарына тоқталды. Баяндама барысында салықтық әкімшілендіру шарттарындағы өзгерістер, кәсіпкерлер үшін енгізілген жаңа талаптар мен жеңілдіктер жан-жақты түсіндіріліп, бизнес өкілдерінің сауалдарына нақты жауаптар берілді.
Келесі кезекте Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары құтыру және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады. Сондай-ақ аса қауіпті инфекциялардың алдын алу шаралары, санитариялық талаптарды сақтау тәртібі және кәсіпкерлік субъектілерінің осы бағыттағы міндеттері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Семинар барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жаңа цифрлық – BusinessGO экожүйесінің мүмкіндіктері де кеңінен таныстырылды. Бұл – Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған бірыңғай цифрлық экожүйе. Жаңа платформа кәсіпкерлерге бизнесті жүргізуге қажетті негізгі сервистерді бір ортаға шоғырландырып, күнделікті бизнес-процестерді оңтайландыруға, уақыт пен қаржыны үнемдеуге және басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде кәсіпкерлер әртүрлі жеткізушілердің бірнеше цифрлық жүйесін қатар пайдалануға мәжбүр. Соның салдарынан бизнес иелері бірнеше жеке кабинетпен жұмыс істеп, күрделі техникалық интеграциялар мен қосымша шығындарға тап болады. BusinessGO осы мәселелердің тиімді шешімі ретінде әзірленіп, кәсіпкерлік қызметке қажетті негізгі цифрлық сервистерді бір экожүйеге біріктіреді. Нәтижесінде кәсіпкерлер бірыңғай техникалық қолдауға ие болып, барлық негізгі операцияларды бір платформа арқылы тиімді басқара алады.
Экожүйе құрамына фискалдық деректер операторының қызметі, GreenKassa онлайн-кассасы, GreenMag тауарлық есеп және қойманы басқару жүйесі, Amian Business маркетингтік платформасы, GreenScan сервисі, Салық төлеуші паспорты, Tax Free қызметі және Findex аналитикалық жүйесі енгізілген. Бұл цифрлық шешімдер сатылым көлемін ұлғайтуға, операциялық процестерді автоматтандыруға, орташа чекті арттыруға және бизнесті кез келген уақытта, кез келген жерден тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Жиын барысында жаңа цифрлық өнімнің кәсіпкерлер үшін беретін артықшылықтары, экожүйеге қосылу тәртібі және оны пайдаланудың тиімділігі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар BusinessGO сауда саласының ашықтығын қамтамасыз етуге, көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартуға, заңсыз тауар айналымымен күресті күшейтуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар цифрлық жоба екені атап өтілді.
– Бүгінде кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігі цифрлық технологияларды тиімді қолданумен тікелей байланысты. Осыған орай «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге арналған жаңа цифрлық – BusinessGO экожүйесін іске қосты. Платформа бизнесті жүргізуге қажетті негізгі сервистерді бір ортаға біріктіріп, уақытты үнемдеуге, шығындарды азайтуға және жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – кәсіпкерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге бағытталған цифрлық шешім. Сондықтан өңір кәсіпкерлерін жаңа платформаның мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамыз, – деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі директордың орынбасары Ербол Әуелбеков.
Семинар соңында қатысушылар көтерілген тақырыптар бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік органдар мен Кәсіпкерлер палатасының мамандарынан жан-жақты түсіндірмелер алды.



