

Сайрам ауданының Ақсукент ауылында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелеріне арналған өңірлік кездесудің екінші күні өтіп, Түркістан облысындағы екі күндік жұмыс өз мәресіне жетті. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің бастамасымен ұйымдастырылған жиында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту және жекеменшік балабақшаларды лицензиялау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуге мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер, білім беру ұйымдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және өңірдің іскер әйелдері қатысты.
Жиынды Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков жүргізді. Кездесудің ашылуында Сайрам ауданы әкімінің кеңесшісі Талғат Керімбеков қатысушыларды құттықтап, өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған мұндай алаңдардың маңызын атап өтті.
Форум барысында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі Ләйлә Күленова әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тетіктері, кәсіпкер әйелдердің әлеуетін арттыру және осы бағыттағы Жол картасының басымдықтары туралы баяндама жасады.
Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының атқарушы директоры Наталья Мишукова қауымдастықтың негізгі қызмет бағыттарын таныстырып, білім беру ұйымдарының сапасын жетілдірудегі тәжірибесімен бөлісті.
Кездесуде ерекше назар мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселесіне аударылды. Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің Білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы Гүлдар Медеубек заңнама талаптарын түсіндіріп, лицензиялауға дайындық барысы жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Іс-шара ашық диалог форматында жалғасып, қатысушылар өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметі және лицензиялау талаптарына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер алдағы уақытта жүйеленіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің қарауына жолданады. Сондай-ақ олар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға енгізілетін ұсыныстарды әзірлеу барысында ескерілетін болады.
Осылайша, Түркістан қаласы мен Сайрам ауданында өткен екі күндік өңірлік кездесулер әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы тиімді диалогты нығайтуға мүмкіндік берді. Форум барысында көтерілген бастамалар өңірлердегі кәсіпкерлік ортаны дамытуға және білім беру саласындағы жүйелі өзгерістерді іске асыруға негіз болмақ.
Форум қорытындысында сөз сөйлеген Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков өңірлік кездесулердің нәтижесіне тоқталды.
– Бүгін Түркістан облысындағы өңірлік кездесулердің екі күндік жұмысын қорытындылап отырмыз. Осы уақыт ішінде кәсіпкер әйелдер өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау, мемлекеттік қолдау шаралары және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Барлық ұсыныстар жүйеленіп, республикалық деңгейде қаралатын болады. Мұндай кездесулердің басты құндылығы – өңірдегі кәсіпкерлердің пікірін тікелей тыңдап, олардың мәселесін шешуге ықпал ететін тиімді диалог алаңын қалыптастыруында, – деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков.





